
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында сенбілік өтті. Сенбілікке қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарауды азаматтық борышы санайтын облыстық департаменттер пен басқармалардың, мекемелер мен ұжымдардың қызметкерлері қатысты.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тазалық шарасына атсалысқан 500-ге жуық адам бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Олар саяжай алабын және Алматы – Өскемен күрежолының екі жағындағы аумақты күл-қоқыстан арылтып, шөптерді жұлып, жапырақтар мен бейберекет шашылып жатқан қалдықтарды, бұтақтарды жинап, қаптарға салды. Осылайша мемлекет және қоғам қайраткері Д. Қонаевтың есімін еншілген қаланың көркеюіне өз үлестерін қосты. Арнайы техниканың көмегімен қатты қалдықтар қоқыс төгетін орындарға жөнелтілді. Сенбілікке 4 арнайы техника жұмылдырылып, 60-тан астам қап қоқыс шығарылды. Қала тазалығына шаһарда ғұмыр кешіп жатқан тұрғындардың барлығы жауапты болуы тиіс. Әркім өзі тұратын үйінің айналасын таза ұстап, «сенбілікте мекеме қызметкерлері тазалайды»,– деген кереғар пікірден аулақ болып, «Тазалық тазаланған жерде емес, ластамайтын жерде сақталады», – деген қағиданы ұстанып, айнала тазалығына бейжай қарамауы керек. Сонда ғана қаланың көрікті мекенге айналатыны даусыз.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы

