
Алматы облысының Іле ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды.
Игі бастаманың басты мақсаты – елдімекендердің тазалығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Аудан көлемінде өткен сенбілікке 2,5 мыңнан астам адам қатысып, туған өлкенің тазалығына өз үлестерін қосты. Тазалық жұмыстары барысында көшелер, саябақтар, қоғамдық орындар мен елдімекендердің аумақтары ретке келтіріліп, 35 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Әсіресе, Өтеген батыр ауылындағы Үш ұрпақ саябағында өткен сенбілікті ерекше атап өтуге болады. Мұнда тазалыққа бейжай қарамайтын көптеген тұрғын, белсенді азаматтар мен еріктілер бас қосып, ортақ іске белсене атсалысты. Олар саябақ аумағын тазалап, айналаны қоқыстан арылту жұмыстарына қатысты. Мұндай шаралардың маңызы зор. Өйткені тазалық тек сенбілік кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де әрбір азаматтың басты ұстанымына айналуы тиіс.
Туған жердің көркеюі мен қоршаған ортаның таза болуы – баршамызға ортақ жауапкершілік.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Аудан тұрғындарын қоршаған ортаны қорғауға, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және осындай игі бастамаларға белсенді қатысуға шақырамыз.
Таза аудан – ортақ мақтанышымыз!
Тазалық әрбір тұрғынның өз ауласынан, өз көшесінен басталады.
Іле ауданы

