
Облысымызда кейінгі жылдары құқық қорғау қызметкерлерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға айрықша көңіл бөлінуде. Бүгін Алматы облыстық Полиция департаментіне 50 қызметтік автокөліктің кілті табыс етілді. Қонаев қаласының орталық алаңында өткен салтанатты жиынға Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, жергілікті атқарушы органдар мен полиция департаменті арасындағы өзара іс-қимылдың нәтижелі жүзеге асып келе жатқанын атап өтті.

«Қашан да мемлекет тарапынан құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл айрықша бөлініп келеді. Осы бағытта полиция департаментіне және мемлекеттік мекемелерге елімізде шығарылған 50 жаңа қызметтік автокөлік табысталуда. Жаңа көліктеріңіз құтты болсын! Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында заң мен тәртіп мәселесін мемлекеттің басты қағидаты ретінде атап өткен болатын. Осы жауапты миссияны жүзеге асыруда Сіздердің еңбектеріңіз орасан. Өңірімізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, облыстың қоғамдық орындарына 11 400 бейнебақылау камералары орнатылып, жедел басқару орталығына қосылды. Бұл өз кезегінде құқықбұзушылықтардың жолын кесуге және жедел әрекет ету мүмкіндік береді. Сонымен қатар, полиция қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында алдағы жылы да қолдау жалғасады. Атап айтқанда, жергілікті бюджет есебінен учаскелік және патрульдік полиция қызметіне қосымша 150 штаттық бірлік бөлу көзделген. Осы ретте мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаумен қатар, қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану да маңызды. Бюджет қаражаты шектеулі екенін ескере отырып, сеніп тапсырылған мүлікке ұқыптылықпен қарап, жаңа көліктерді тиімді пайдалану қажет. Бұл – әрбір қызметкердің жауапкершілігі. Барлығымыздың мақсатымыз – қауіпсіз орта құрып, қылмыс деңгейін төмендету және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру», – деген Шыңғыс Сайранұлы полиция қызметкерлерінің еңбегіне сәттілік тіледі.

Жиында облыстық полиция департаментінің басшысы Мейрам Әбікеев те сөз алды. «Бүгінгі іс-шара – құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Полиция қызметінің тиімділігі мен жеделдігін арттыру мақсатында табысталып отырған жаңа қызметтік автокөліктер үшін облыс әкімдігіне және жергілікті атқарушы органдарға толағай алғысымызды білдіреміз. Мемлекет басшысының құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау бағытында полиция қызметкерлерінің сапалы жұмыс істеуіне барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Бүгін табысталып отырған автокөліктер – соның нақты дәлелі. Бұл қолдау біздің материалдық-техникалық базамызды нығайтып қана қоймай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарын одан әрі жетілдіруге толық мүмкіндік береді, – деді Мейрам Жұмкенұлы.

Су жаңа қызметтік көліктер Қонаев, Алатау қаласы мен Еңбекшіқазақ, Іле, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Балқаш, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарының полиция бөлімдеріне берілді.

Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы

