Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында 15 отбасына баспаналы болу бақыты бұйырды

Алматы облысында 15 отбасына баспаналы болу бақыты бұйырды

53 қаралым

Іле ауданында 15 отбасы баспаналы болды. Өтеген батыр ауылында бой көтерген «TUMAR» тұрғын үй кешені жеке инвестор есебінен салынып, тұрғындарға табысталды. Салтанатты рәсімге аудан басшылығы, «Отбасы банк» АҚ мен жобаны іске асырған «Sultanоff park» компаниясының өкілдері және баспана иелері қатысты.

Алғашқы болып Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов құттықтау сөз сөйледі.

– Баспана – отбасының береке-бірлігі мен тұрақтылығының негізі. Дана халқымызда «Үйі бардың күйі бар» деп бекер айтылмаған. Осы игі іске үлес қосып, тұрғындардың баспаналы болуына мүмкіндік жасаған жеке инвесторға алғыс айтамын. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Бұл құрылыс саласының дамуына, жаңа жобалардың жүзеге асуына және елдімекендердің инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. Біз де ауданымызда тұрғын үй құрылысын дамытуға және жаңа жобаларды іске асыруға баса назар аударамыз. Ең басты міндет – тұрғындарымызға қолайлы жағдай жасап, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, – деді Қайыржан Серікбайұлы.

«Sultanоff park» ЖШС құрылтайшысы Әсем Сұлтанова жобаның екі жыл бойы жалғасқанын, сапалы үйді тұрғызу үшін бар күш-жігерді жұмсағандарын айтты. Сондай-ақ пәтер иелерін құттықтап, алдағы уақытта да жайлы баспана салуды жалғастыратындарын жеткізді. 

Қоныстойын тойлағандардың бірі – Роза Садықова.

– Бүгін 65 шаршы метр болатын 2 бөлмелі пәтердің иесі атандық. Алматы облысына көшіп келгенімізге 11 жыл болды. Содан бері пәтерден пәтерге көшіп өмір сүрдік. Бұл сәтті асыға күттік. Кейде мүлде орындалмас арман сияқты көрінетін. Бірақ нақты мақсат қойып, алға ұмтылсаң, қолжетпес ешнәрсе жоқ екеніне көзіміз жетті. Ал үйдің сапасы толығымен көңілімізден шықты, – деді ол.

Бүгінде «TUMAR» тұрғын үй кешені жобасының бірінші кезеңі аяқталып, үш бес қабатты үй пайдалануға берілді. Оның құрамына 103 пәтер мен 2 коммерциялық үй-жай кіреді. Жалпы ауданы – 6,5 мың шаршы метр. Пәтер иелеріне жартылай әрленген күйде тапсырылды. Баспаналарға инженерлік желілер толығымен тартылып, аумақты абаттандыру жұмысы жүргізілген.  Қазіргі уақытта тағы да үш тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінгі таңда жобаға 3,2 миллиард теңге инвестиция салынды.

Іле ауданы

↑