Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Бала жүрегін шаттыққа бөледі

Бала жүрегін шаттыққа бөледі

44 қаралым

Күз – береке мен молшылықтың, әсемдік пен қуаныштың мезгілі. Осыған орай Алматыдағы №13 арнайы балабақшада «Алтын күз» мерекелік ертеңгілігі өтті. Шара бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жүректеріне жылулық ұялатты.

Мерекелік шара барысында балалар күз туралы тақпақтар айтып, жұмбақтар шешіп, қызықты ойындарға белсене қатысты. Көңілді Сайқымазақ пен Күз ханшайымының келуі ертеңгіліктің сәнін келтірді. Бүлдіршіндер «Күзгі жапырақтар» биін билеп, әсем әндерімен көпшілікті сүйсіндірді.

– Біз үшін әр баланың кішкентай жетістігінің өзі – үлкен жеңіс. Олардың сахнаға шығып, өнер көрсетуі, өздерін еркін сезінуі – ұзақ уақыт бойғы жүйелі жұмыстың жемісі. Бұл жетістіктердің артында тәрбиешілер мен мамандардың өлшеусіз еңбегі жатыр. Біздің басты мақсатымыз – әр баланың қабілетін ашып, өзіне деген сенімін нығайту, – дейді балабақша директоры Айгүл Ошақбаева.

Расында, ерекше балалармен жұмыс істеу – кәсіби біліктілікпен қатар, шексіз мейірімділікті, төзімділік пен жанашырлықты талап ететін жауапты міндет. Осы орайда тәрбиешілер Лиза Акбалина мен Жансезім Әбдіғаппар еңбегін ерекше атап өткен жөн. Олар әр бүлдіршіннің мінезі мен мүмкіндігін ескеріп, күнделікті тәрбиені шығармашылықпен ұштастырып келеді.

Балалардың сахнадағы әрбір сенімді қадамы, жүзіндегі қуанышты күлкісі – тәрбиешілердің тынымсыз ізденісі мен жүрек жылуының көрінісі. Сондай-ақ логопед Еркемай Ғалымжанқызы, дефектолог Альбина Амантай мен психолог Тоғжан Абсаттарованың балалардың сөйлеу, қарым-қатынас жасау және танымдық қабілеттерін дамыту жолындағы еңбегі де айрықша. Осы мамандардың күнделікті жүйелі жұмысы бүлдіршіндердің қатарына қосылып, өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жол ашып келеді.

Мереке барысында өнерімен және белсенділігімен ерекшеленген Алинұр Тажимұрат, Аделя Телегисова, Ерсұлтан Қуаныш, Інжу Алғадай, Айдос Оралбек және Сүлейман Жаңабай Мақтау қағазымен марапатталды.

– Шарадан ерекше әсер алдық. Балаларымыздың сахнаға шығып, өнер көрсетуі – біз үшін үлкен қуаныш. Әр жетістіктің артында тәрбиешілер мен мамандардың қажырлы еңбегі жатыр. Балаларымызға мейірім мен қамқорлық сыйлап жүрген №13 арнайы балабақша ұжымына аналық алғысымды білдіремін. Еңбектеріңіз жемісті болсын! – дейді Ерсұлтанның анасы Раушан.

Ертеңгілік соңында Күз ханшайымы мен Сайқымазақ балаларға күз жемістерінен сый тарту етіп, естелік суретке түсумен аяқталды.

Әр баланың жетістігі – ұстаздың төккен тері мен мейірімге толы жүрегінің жемісі. Ал сол еңбектің ең үлкен марапаты – баланың шынайы күлкісі мен жарқын болашағы.

Еңлік АРЫҚБАЙ,

журналист

↑