Алматы облысының Іле ауданында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіруге бағытталған ақпараттық кездесулер жалғасуда. Кезекті жиын Іле аудандық ауруханасында өтіп, оған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері мен медицина қызметкерлері қатысты.
Кездесуді Іле аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәден Мұсаев жүргізді. Ол басқосу барысында Жолдауда белгіленген негізгі міндеттерге тоқталып, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызын атап өтті.
Жиынға арнайы келген Ұлттық Құрылтайдың І шақырылымының депутаты, ақын, журналист, публицист және қоғам қайраткері Жанарбек Әшімжанов, Ұлттық Құрылтайдың І шақырылымының депутаты Мейраш Шынасылова және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев өз бағыттары бойынша баяндама жасады.
Спикерлер инфрақұрылым мен құрылыс саласын дамыту, салық жүйесін жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, адами капиталды арттыру, ғылым мен технологияны ілгерілету секілді Жолдауда қамтылған басымдықтарды түсіндірді. Сондай-ақ аталған бастамалардың жүзеге асуында әр саланың, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесінің де өзіндік орны бар екені айтылды.
Кездесу барысында халықты әлеуметтік қорғау саласындағы өзгерістерге де ерекше назар аударылды. Ербол Тұяқбаев қазіргі мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібі мен алдағы уақытта енгізілетін жаңашылдықтар жөнінде ақпарат берді.
Жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – мемлекеттік көмекті шынайы мұқтаж азаматтарға бағыттау. Сонымен қатар мүгедектігі бар балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, ата-анасынан айырылған балаларға және заңда көрсетілген өзге де санаттарға арналған бірқатар әлеуметтік кепілдіктер сақталатыны түсіндірілді.
Бұл ретте қолданыстағы әлеуметтік қолдау тетіктерінің азаматтарға беретін мүмкіндіктері, жәрдемақы алуға құқығы бар санаттар және оларды тағайындау талаптары жөнінде де кеңінен мәлімет берілді.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, спикерлерден нақты жауаптар алды. Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесу мемлекеттік саясаттағы өзгерістерді түсінуге және әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпараттандыруға мүмкіндік берді.
Іле ауданы әкімінің баспасөз қызметі

