Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматыда «Дала қыраны ізімен» фотокөрмесі ашылды

Алматыда «Дала қыраны ізімен» фотокөрмесі ашылды

60 қаралым

Бүгін Алматыдағы Dostyk Plaza сауда орталығында «Дала қыраны ізімен» атты фотокөрменің ашылу рәсімі өтті. Бұл жоба ғылыми зерттеулерді қолдауға, табиғи экожүйелерді сақтауға және қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Көрме экспозициясына жоба аясында биыл түсірілген 2000-нан астам фотосуреттің ішінен іріктелген 25 жұмыс енді. Фотокадрларда дала қыранының тіршілік ортасы, еліміздің табиғи ландшафтары, ғалымдардың далалық зерттеулері мен экспедиция барысы бейнеленген. Жоба аясында екі ғылыми экспедиция ұйымдастырылған. Алғашқысы 2-6 шілде аралығында «Алтын Емел» ұлттық паркінде, екіншісі 26-30 тамыз күндері Алматы облысының табиғи аймақтарында өтті.

Зерттеу барысында ғалымдар құстар мен басқа да омыртқалы жануарларды бақылап, олардың мекен ету ортасын зерделеді. Сонымен қатар Алматы және Жетісу облыстарындағы дала қыранының белгілі ұя салу аумағына зерттеу жүргізілді. Экспедицияларға фотографтар мен блогерлер Дмитрий Доценко, Глеб Пономарев, Артём Орлянский, Қайрат Шожебаев, Илья Давыдович, Тимур Байғұлов, Вероника Тен және Фархат Қабдықаиров қатысты. Олар экспедиция барысын фото және видеоға түсіріп, ғылыми зерттеулер мен табиғат көріністерін құжаттауға үлес қосты. Көрменің ашылу рәсімінде National Geographic Qazaqstan өкілі Нұрсұлтан Сәдуақасов табиғатты қорғау ісінде қоғамның экологиялық сауатын арттырудың маңызын атап өтті.

«Табиғатты қорғау оның құндылығын танып, экожүйедегі әрбір тіршілік иесінің рөлін түсінуден басталады. Дала қыраны – Қазақстанның табиғи байлығының маңызды бөлігі әрі дала экожүйесінің ажырамас өкілі. Оны зерттеу арқылы біз тек бір құстың тіршілігін ғана емес, тұтас табиғи ортаның жағдайын да зерделейміз. Сондықтан мұндай жобалардың нәтижесін ғылыми ортадан тыс, кең аудиторияға жеткізу маңызды. Фотография табиғаттың сұлулығын көрсетіп қана қоймай, оны сақтау қажеттігіне де назар аудартады», – деді ол.

Аталған жобада серіктестердің әрқайсысы өз бағыты бойынша жұмыс атқарды. Toyota Kazakhstan бастамаға гранттық қолдау көрсетіп, экспедициялық топтарға жол талғамайтын көліктер ұсынса, National Geographic Qazaqstan жобаның фото және видео құжаттамасын жүргізіп, нәтижелерін көпшілікке таныстырды. Ал Зоология институтының мамандары ғылыми зерттеулер мен далалық жұмыстарды жүзеге асырды.

«Дала қыраны ізімен» фотокөрмесі Dostyk Plaza сауда орталығында 23 қарашаға дейін жалғасады.

«Алатау – Ақпарат»

↑