Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жолдауға – қолдау: Алматы облысының жастары үн қосты

Жолдауға – қолдау: Алматы облысының жастары үн қосты

69 қаралым

Жастардың қоғамдық өмірге қатысуы мен азаматтық жауапкершілігі облыстық жастар ресурстық орталығында өткен кездесуде сөз болды.


Диалог алаңында қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыру жолдары туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, цифрлық технологияларды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелері қозғалды. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаты, 2027 жылдың Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы ретінде белгіленуі, патриотизм мен қоғамдық келісімді нығайту мәселелері сөз болды. «Мемлекет басшысының Жолдауын бәріміз мұқият тыңдадық. Келесі жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жарияланды. Басты назар инфрақұрылымға аударылып отыр. Ондағы негізгі мақсат – келешек ұрпаққа жағдай жасау. Біздің балаларымыз, жастарымыз сапалы мектептерде оқып, денсаулығына қарап, жоғары оқу орындарында жақсы білім алса, кейін мемлекеттің дамуына да жақсы үлес қоса алады. Сонымен қатар Президентіміз цифрландыруға әрдайым баса назар аударып келеді. Азаматтар қай жерде тұрса да, ауылда, үлкен қалада тұрсын, бірдей мүмкіндікке ие болуы керек», – деді Жолдаудағы жаңа бастамаларды сөз еткен ҚР Құрылтайының депутаты Ләззат Жылқыбаева.


Басқосуда Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп жастардың өмірлік мақсаты материалдық қажеттіліктерді өтеумен ғана шектелмеуі керек екенін баса айтты. Нұртөре Жүсіп ХХІ ғасырда қазақ елі әлемдік аренада терезесі тең мемлекетке айналғанын, ендігі кезекте ішкі бірлік пен сапалық өсу бірінші орынға шығатынын алға тартты.


«Бүгінгі технологиялық өзгерістер кезеңінде білімді, бәсекеге қабілетті әрі жаңашыл ұрпақ қалыптастырудың маңызы зор. Әрбір реформаның нәтижесі азаматтардың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс. Өйткені жасампаздық пен жаңашылдыққа негізделген қоғам қалыптастырудың қозғаушы күші жастарда жатыр»,– деді облыс жастарының тың бастамаларына жоғары баға берген Нұртөре Байтілесұлы.
Қатысушылар Президент Жолдауында белгіленген ел дамуының стратегиялық бағыттарын қолдайтындарын білдіріп, жастарды қоғамдық өзгерістерге белсенді тартудың маңызын атап өтті. «Мемлекет басшысының Жолдауында елдің болашақ дамуы, жаңа технологияларды енгізу, инфрақұрылымды жаңғырту және қоғамдағы жауапкершілікті нығайту мәселелері көтерілді. Президенттің заманауи технологияларды дамытуға және әр азаматтың өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасауға қатысты айтқаны жастар үшін маңызды деп санаймын. Әрбір жас өзгерістердің белсенді қатысушысы бола алады. Өскелең ұрпақ білімге ұмтылып, жаңа дағдыларды меңгеріп, елге пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға атсалысуы керек», – деді Президент бастамаларын түсіндірген ҚР Қаржы министрінің орынбасары Әсет Тұрысов.
Жүздесу өзекті мәселелерді талқылаумен шектелмей, нақты бастамаларды жүзеге асыруға және ұлттық даму міндеттерін шешуге жастардың тікелей қатысуына ерекше мән берілді. Алматы облысында 14-35 жас аралығында 432,7 мың жас бар. Бұл – өңір халқының 28 пайызы. Сондықтан олардың еңбекке араласуы мен экономикалық белсенділігін арттырудың маңызы зор.

Суреттерді түсірген – Аслан ҚАЖЕКЕ

Ерзат АСЫЛ
Қонаев Қаласы

↑