Перейти к содержимому

Күй – ғұмыр

22 қаралым

Ұлттың ұлылығын, кеңдігін, кемелдігін көрсететін – рухани құндылығы. Осы екі ұлы ұғым – елдің іргетасы. Іргетас не десеңіз, жаралғаннан қанаттасып, бірге жасап келе жатқан салт-сана, әдет-ғұрып, өлмес өнер, халықтың жаны – тіл мен діл және дін. Мұның бәрі әлгі құндылықтың білеу-білеу қан тамырлары. Сол тамырды үзіп алмай, үздіксіз ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан ұлттың ойлы зиялылары, ақылы асқан данышпандары, дара туған, айрықша бөліп айтар асылдары. Олар – мыңның бірі, жүзден топ жарып, көз ұшына шыққан өкпесі өшпес өрен жүйріктері. Олар сансыз емес, санаулы. Санаулыны саралай алу, адаспай тап басып тану – бізге парыз.

Тәубе, ел болғалы ұлтым деп жаралған жаны таза, қаны кіршіксіз тұлғалар түгенделу үстінде. Ортамызға әр қырынан танылып, оралып та жатыр. «Е, бәсе, тақыр жерге шөп шыққан ба, бар екенбіз ғой!» дедік. Дедік те, «ұранға» қарап «ұлып», бұрын не істеп жүргеміз?» деп, несін жасырамыз, өткен мен жаңаның дұрыс-бұрысын болжай алмай тұрған кездер де аз болмады. Батпандап кірген саясат табы, қайдан бірден шыға қойсын?! Толқытты да жалтақтатты.
Бірақ ары таза, жоғалтары жоқ қара халық елдік ұғымға бірден табан тіреді, бет бұрды. Үміттері үлкен, сенімдері зор еді. Селкеу ойдан, күңгірт күдіктен ада еді. Сол кезде біразымыз «сара» жолдан ат басын шын бұрып, тәубемізге келіп: «Қолымды мезгілінен кеш сермедім, Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы, қолымды дөп сермесем өстер ме едім?» деген Абай сөзіне жығылдық.
«Өнер-білім бар жұрттар, Тастан сарай салғызды» деп кеш қалмайық, әттең: «Қатарың кетті-ау алысқа-ай», – деп алып, талпыналық, ұмтылалық, артқа емес, ертеңге қаралық: «Біз надан боп өсірдік, иектегі сақалды… Біз болмасақ, сіз барсыз» деп жастарды қамшылаған Ыбырай Алтынсариннің даналығына бой ұрдық. «Анау қырда татар тұр, Басқалармен қатар тұр. Мынау ойда қазақ тұр, қастарында азап тұр. Ұйқысы көп, ояу аз, бұл не деген ғажап түр? Бұл ұйқысын ашпаса, надандықтан қашпаса, басқаларға мазақ тұр» деп түртпектеген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есіңді жиғызар ескертпесі көбіміздің санамызға сарт ете түсті-ау, шамасы. Ес жия бастадық.
Елдіктің алғашқы жылдарындағы рухтың оянуы, санадағы серпіліс, биікке ұмтылыс, келешекке құлшыныс, кеудені керген мақтаныш, несін айтасыз, әр қазақтың аузында, көкейінде күйдей күмбірлеп-ақ тұрды. «Ойдағымыз болды! Ортамыз толды! Төбедегі келді! Төрелескенде де ренжитін ретіміз жоқ. Тек ұзағынан сүйіндіргей! Ақ жолдың алдындамыз! Үлкен тілектің үстіндеміз!» – деген Әбіш Кекілбайұлының құсқанатты асқақ үні жүректі серпілтті. Тынысты ашты, бұрма ой, алда айтқандай жалтақтық ат-тонын ала қашты.
Дәл қазір, ғасыр алмасқан тұста, еңсе тіктедік деп жүрген жылдар ішінде сол ұлылар ұлағатын толық орындап, айтқандарын ақиқатқа айналдыра алдық па? «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс» деп еді Ахмет Байтұрсынұлы. Жүсіпбек Аймауытұлы: «Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» десе, «Кешегісін ұмытқан, бүгінгісін сезбеген, ертеңгісіне қайғырмаған адам кімге басшылық қылады?» – дейді Міржақып Дулатұлы.
Бұл ұлылар сөзін термелеуіміз де тегін емес. Әлі де іс іркіліп, сөз бұйдасында келе жатқан тұстарымыз жоқ емес, бар. Шіркін, алаштықтар-ай, үстем күштен үрікпей, қасқайып тұрып айтарын айтып, ұлтқа адал қызмет етудің үлгісін көрсетті емес пе? Бізге осы жетпейтін секілді ме, қалай?
Бардың бағын жандыру – ұрпақтарға жүктелген енші. Ойлы ұрпақ мұны сусыған құмнан алтын іздегендей, судан алтын сүзгендей, шама-шарқына қарай атқарып келеді. Соның нәтижесінде жұқа тарих қалыңдады. Бұрын елеусіз қалған, пиғылы жат деп жолатпаған ұлт жақсылары жыл құсындай оралып, қайта қауышып, мерейімізді өсірді. Бұл ұраншылдықтан құтылып, ұлттық бет-бейнемізді танып-білуге, өзіндік даму өркениетіміздің бар екеніне, кіммен иық тірестірсек те ұялмайтынымызға қол жеткізген – Азаттығымыз!
Соның нәрлі нәтижесі. Оны қара бастың қамынан жоғары қойып, елдікке адал қызмет ету – әр арлы қазақтың міндеті. Кейде мәселенің мән-мағынасына, түп тамырына тереңдеп бармай, билікшілдікке бой алдырып, адырайып қарайтындардан арыла алар түріміз, қазірше жоқ-ау!
Бұл жолда мынау ірі, мынау кіші деп бөлмей, бәрі болашаққа, ұрпаққа керек десек, ұтылмас едік. Бірақ кегежектеп қалатын тұсымыздан айылымызды жимай, боладымен сілеңді қатыратын әттеген-айлар баршылық. Шығарып салма сөзбен, ұлт ісінің мысқалдайының да мысын басуға болмайды. Мұндайда баяғы ұзын арқан, кең тұсауға салып, «көш жүре түзеледімен» қол қусырған болып, құтыла салу, күнә. Иә, бүгін құтылдық, ертең алдымызға көлденең тұра қалса, мен – ақ едім, қара – анау дейміз бе? Асығып қайтеміз, бәрінің бағасын келер ұрпақ береді, тарих таразыда теңшейді. Бұлай деудің де себебі жоқ емес, бар. Ол – тақырыпқа қатысты мақсат-міндеттердің жүзеге асса деген арман-аңсарлардың кейде аясы тарылып, ауқымы кішірейетін еді.
Елдіктің жемісі, әдемі көрінісі – Тәңіртау баурайындағы Қарқара аймағын мекен еткен жұрттың қайта жаңғырған ән-күй өнері еді. Күй өнері дегенде телқоңырдай екі алып өнерпаз ойға оралады. Бірі бүкіл қазаққа аты мәшһүр Қожеке Назарұлы болса, екіншісі – Сыбанқұл Қалбасұлы, ал кеуде-жады кемел күйші Омархан Керімқұлов пен болмысы бүтін, ой-өлшемі биік, зерделі зерттеуші, қара домбыраның қасиетін, киесін қарғадайынан ұққан ұл Базаралы Мүптекеевтің жөні бөлек. О.Керімқұлов Сыбанқұл мұрасын сап алтындай сақтап келсе, Мүптекеев хатқа (нотаға) түсіріп, халыққа жеткізді. Бұлар күй өнерінің саңлақтары болса, ән өнерінде Садықожа Мошанұлы мен Қапез Байғабылұлы бастаған шоқтықты шоғыр өз алдына бір әлем еді.
Ендігі сөзді Қалбасұлына қатысты өрбітелік. Сыбанқұл туралы біз бала кезімізден көп естіп өстік. Аңыз адамдай көрінетін. Ол қазақ жерінде өмірге келіп, зорлықшыл зобалаң заманда, шекара асып, бас сауғалаған жақта бақилық болған.
Сыбанқұл сөйлейтін сөзін күймен жеткізетін еді дейтін көзін көргендер, өнеріне куә болғандар. Малдас құрып отырып, екі тізесін кезек қозғап, екі жағына теңселгенде төрден есікке, есіктен төрге сырғып, бір тыным таппайтынын, естіген әңгімесін күй тілімен жеткізетін жыраудай еді, біреулер сынап көру үшін күй арна десе іркілмейтінін, үлгі әңгімені күй етіп күмбірлетіп жіберетінін үлкендер жағы тамыз таңындай тамылжытып айтатын. Домбыраның құлағында ойнап отырғанда қанша тіл қатсаң да қайырылмайды екен. Күйді аяқтаған соң ғана сөзге құлақ тосып, жауап беретін болған.
«Апыр-ай, – дейтін Бәйтеке әкеміз, – жады мықты еді. Күй тартып отырғанда айтқан сөз есінде қалмаған шығар десең, күй біткен соң қойған сұрағыңа жауап береді, айтылған әңгімелердің желісіне жаңылмай тоқталады. Күй құдіретін ұқтырып, ұйытатын. Оның күйлерін ол кезде кім санады дейсің. Бүгінгідей техника болғанда, жазып алып, қағазға қаттап отырғанда күй санынан рекорд жасар ма еді, қайдам. Мен Сыбанқұлдың осындай кереметін айтсам, кейбір азаматтар сене қоймайды. Көтере қырқу емес пе дейді. Жамбыл – өлең сөздің жырауы болса, Сыбанқұл – құдіретті күйдің жырауы еді десем, артық айтқандық болмас. Ондай адам енді туар ма екен? Күй жырауы дегенді жұртқа қалай жеткізер екенсіңдер?» – дейтін.
Сыбанқұл туралы осындай тереңнен тамыр тартып, әңгіме қозғайтын көнекөздер қазір жоққа тән. Амал не, салғырттық пен салақтық желімдей жабысып, кеуделері күмбірлеген үлкендер барда көп құндылықтан құр қалғанымызды қайтерсің. Иә, біз секілді аз-кем естігендер, кейде соны ала-құла әңгімеге арқау етіп, ыңғайы келсе мен ғана білемдікке салып, тіпті қол иініне тарта салатын жайларымыз да жоқ емес. Ел ісі мен ұлт жұмысында бар қазақ – бір қазақ, бір қазақ – бар қазақ болса, бір тілекке ұйыса ғана мұратына жетпек.
Ғұлама Ақселеу Сейдімбекке бақсақ: «Кез келген ұрпақ – өзі ғұмыр кешкен кезең үшін өткен мен болашақ арасының жанды көпірі. Сол жүктің сабақты жібіне дейін қалдырмай болашаққа қол жалғау – жер басып жүрген тірілердің ең киелі міндеті», – деген екен. Міне, осы міндетті мінсіз атқару, сөйтіп, ұрпақ алдындағы істі іркіттей ірітпей, мейіздей таза қалпында кейінгі жасқа аманаттау жүгі осал болмаса керек деп білемін.
Сыбанқұл күйлерін жеткізу­шілердің көшбасында бауыры – Шіде Төлендіұлы тұр. Шіденің өзі де жанынан күй шығарған. Ол туралы аңызға бергісіз әңгімелер аз айтылмайтын. Содан арқау есіп «Шіде» деген шағын әңгіме жазғаным бар. Санасы сергек ел ағасы, жұрт кісісі санатындағы, қара сөздің майын тамызған Дабайдың Сағаты, басқа да ағайын-туыстар – Ысқақұлы Адықтан, Тәжіұлы Бәйтекеден, Мәмет баласы Молдажаннан, Молдабайұлы Оразақыннан, өз әкем Байбабадан, өзге де үлкендерден талай сабақты сөз естідік. Сағат, Бәйтеке ағалардың Шіде туралы байламдарын еске түсірер болсақ, Сағат аға «Оның көзі майып болғанмен, көңіл жиегі ешкімнен кем емес, дара дарын иесі, қолына домбыра берсең шежіресін айта отырып шерткенде төбе құйқаңды шымырлататын еді», – дейтін.
Бәйтеке ағаның: «Бір жолы Кішіқұштай­дан Үлкенқұштайға еңістеп келе жатсам, Шіде алдымнан шыға қалды. Көрмейді ғой деген пенделікпен салып ұрып өте шықпақ едім, «Әй, Бәйтеке, сәлемің сатулы ма, әлде сынап, әлде қорлап барасың ба?!» – дегенде аттан ауып түсе жаздадым. «Кешіріңіз!» деп қолына жабыстым. «Есіңде болсын, менің айтушым бар, жол көрсетер кісім бар», – деп қамшысын ердің қасына тіктеп, тұйықталған басына иегін тіреп тұрған Шіде бурылдың тізгінін қағып қалғанда, ат алға ұмтылып, майда желісіне салып, жүріп кетті. Үлкендер: «Шіденің жанары кем болғанмен, иесі бар» дегенге осы жолы көзім жетіп, бір сәттік қараулығыма қапа болдым. Одан кейін ағаның алдын қиып өтпедім, көш жерден көрсем, таяп барып ізет танытумен болдым», – дегені ойға оралып отыр. Қазір бұл асылдардың бәрі де о дүниелік.
Қалбастың бір баласы Жантайдың ұлы Жұмәділ де өнерлі жан еді. Адалдығы мен ақ көңілдігі ел аузында жүретін. Бала кезімізде тірлігінің шет-жағасын көрдік, зілсіз сөздерін естідік, көңілді сәттері еміс-еміс көз алдымнан өтеді. Ол кісі туралы Мәметұлы Тоқтасын тәтем: «Ылғары Жүкем, ақ пейіл Жүкем!» дегенді сөз арасына жиі қосатын еді. Сыйластығы өз алдына, қарайлас болса керек. Ол кездегі замандастардың, қатарластардың сыйластығы, әзіл-қалжыңдары бөлек болатын. Көрген, куә болған бізге ол қиял емес, ақиқат еді.
Жұмәділ Сыбанқұлдың елуден артық күйін тартқан. Оның ішінде өз туындылары да болған болар. Даңқы дәуірлеп шыққан күйші әкесінің (Жантай Сыбанқұлдың інісі) абырайы аса берсін деген шығар, «менікі, оныкі» деп бөлектенбеген. Бұл Сыбанқұл күйлері деп тартқан. Ағайын арасының бүлінбейтін бүтіндігі осындай кеңдіктен тамыр тартқаны ақиқат. Қазақтың береке-бірлігінің алғашқы баспалдағын да, тұнып аққан бастау басын да содан іздесек, қане?
Ұлт құндылығы ұрпақтар сабақтас­тығымен ұштасқан, оны ақыл-жадында сақтап жеткізу бұлжымас темірқазық дәстүрге айналған. Алдыңғы толқын оны кейінгіге мұра етіп қалдырып отырған. Бұл арқауын үзбеген алтын желі десек, қателеспейміз. Қазақты үстемдіктің сан түрлі соқпа бұрқасындарынан, саясаттың сұрқай сұмдықтарынан сақтап, елдіктің тұғырына қондырған сол алтын желі екеніне кім шүбә келтірер дейсіз. Соның бір куәсі, музыкалық білімі болмаса да, ондаған өнер иесінің туындыларын жадында сақтап, қалыбын бұзбай жеткізген, өткен жылы тоқсан жылдығы аталып өткен дәулескер күйші Омархан Керімқұлов еді. Ол тартқан күйлер жүректі тербеп қана қоймайды, тарылған тынысыңды ашады, ойыңа от тастап, бойыңа қуат береді.
Мен Омарханды бала кезімнен білетін едім. Оның 120 күйді кірпік ілмей, қыстың ұзақ таңында талмай тартқанын көзбен көріп, құлақпен естідім. Иә, маған күңгірт көрінгенмен, үлкендер жағының Қожекені қозға, Сыбанқұлды төрге оздыр, Қосдәулет Нұрмағанбетұлы «Шертпесін» шерт, «Арманына» кезек бер, Рақыш (Қожекенің ұлы) пен қырғыз Асанәліні еске түсір – осы тақылеттес сөздер әлі күнге құлақ түбінен кетер емес. Болмасам да ұқсап бағуға талпынғам. Құдай бермегенді тартып ала алмайды екенсің. Қонбады, дыңғырлатудан аса алмадым. Есесіне, күй туралы қалам тербеумен келем. Университетті бітірер кездегі дипломдық жұмысым қазақ күйі туралы болды. Жетекшім қарсы шықанда, совет заманында-ақ кемелдігін көрсете алған шын қазақ, ой өлшемі өрісті, ұлт ісі дегенде ішкен асын жерге қоятын Совет Масғұтов аға табандап отырып бекіттіріп беріп еді. Ол кездегі батылдық пен бүгінгі мықтылықтың арасы жер мен көктей ғой.
Омархан Керімқұлов туралы бірнеше мақала жаздым. Бастысы ол тума талант еді, жады мықты жан еді. Ол «тірілткен» дүниелер, өмір бойы есте қалар есімдер аз емес. Ал Сыбанқұл Қалбасұлын қатарға қосқан қайраткер кім десе, оның күйі мен күйге қатысты дерегін қос ішектей қатар қозғайтын Омархан деп айтуға қақылымыз. Зерделі қос азаматымыз Базаралы Мүптекеев пен Сағатбек Медеубекұлы шығарған «Жетісудың күйлері», «Жетісу әуендері» қолға алынған тұста Базаралымен күй туралы ой бөлісе­тін едік. Ол кезде Базаралы студент еді. Мен «Егеменде» қызмет етем. Бір күні өзі қағазға түсірген Сыбанқұлдың «Үш аққуының» нотасын әкеліпті. Ермұрат Үсеновке көрсеттім, ол сауатты, төселген жігіт қой, жетілдіру жөнінде бағыт-бағдар берді. Екі жігітіміз жанкештілікпен, қысқа мерзімде дайындаған алдағы екі кітаптың жарық көруіне көрнекті ақын Нұрлан Оразалин мен қайраткер қазақ Алтынбек Сәрсенбайұлы, баспагер Әшірбек Көпіш ерекше қолдау көрсеткенін айтуға тиістіміз. Тоқсаныншы жылдардың (1998) аласапыранында олардың демеуінсіз кітап шығару мүмкін емес еді.
Қайталап айталық, Сыбанқұл – тәңір берген талантымен жұртқа күйден шашу шашқан өрен жүйрік. Оның сөйлер сөзі, айтар тілегі, алар тынысы күймен ұштасып жатқан. Кезінде Сыбанқұлдың аңыз күйлерін тыңдаған бірер азамат бұл шығыстық өнер иелеріне тән, Жетісудан алшақ деген байламын алға тартқанда, арғы бет пен бергі бетте аралас-қоралас жүрген қарға тамырлы қазақтың барыс-келісіндегі естігендерін Сыбанқұл күй тіліне көшіргенін, зиялы қариялардан естіген-білгендерімізді, Омарханның қолмен қойғандай етіп айтқан бұлтартпас дәлел-дәйегі мол әңгімелерін алға тартқанымыз бар. Сөзге тоқтаған жұрттың ұрпағымыз ғой, кейін оған нүкте қойылды.
Сыбанқұл күйлері сан-салалы, әуезі де әрлі, ырғағы да баурап отырады. «Үш аққуды» күй төресі десек, асырып айтқандық емес. Әдебиет пен өнерді, оның ішінде күй өнерін жетік білетін академик Рахманқұл Бердібай ағамыз айналымға кейін қосылған Қарқара өңірінің күйлеріне сүйсініп қана қоймай, Сыбанқұлдың «Үш аққуын» түгел тыңдап болған соң «Талай күйді естіп, талай күйшіні көріп едім, мынау бөлек әлем» деп тамсанып, Қожекенің жалғыз қара емес, ізбасары болса керек деп жүргенде, ол үмітінің ақталғанын бүгіп қалмап еді.
Расында, «Үш аққуда» аққудың тағдыры ғана емес, адам тағдыры, күйші тағдыры да жатыр. Бұлай деуімізге себеп, өткен ғасырдың басындағы дүрбелең, ақ пен қызылдың шапқыншылықтары Қарқара жұртын тығырыққа тіреп, бас амандығы деп атақонысын тастай қашуға әкелді. Әскерге бала бермейміз дегендерге қырғидай тиген. Сол сапырылыста Сыбанқұлдар да шекара асқан. Ол жақта да қашқын атанып, қалмақтың талауына түскен. Осы тозақ отын аққу аңызына сүйеп баян еткен секілді. Оған «Аққудың атамекенінен кеткені», «Аққуды бидайық құстың қуғаны», «Аққудың балапандарын аймалауы» деп келетін күй аттары да аңғартып тұрғандай.
Қалай десек те, осы сабақтас үш күй әлі де болса сан түрлі аспапта жетілдіре түсуді қажет ететіндей көрінеді де тұрады. Оның әдемі алғышарттары жасалу үстінде. Шіркін, Нұрғиса Тілендиевтей таланттың қолына түссе, бұдан да керемет ырғақтар жан-жүйемізді баурайтынына иманымыз кәміл. Бұл тұжырымды кезінде айтулы ғалым Рахманқұл Бердібай да айтып қалғаны бар еді.
Жалпы, Сыбанқұл күйлерінің қай-қайсы да тақырып жағы­нан алғанда күй жырауы еке­ніне көз жеткізетіндей. Өнер атты ғылымы­мыздың басында тұрған Ахмет Жұбановтың айтқанына ден қойсақ, ол естігенін, көргенін бірден күй тіліне, «домбыра сөзіне» (А.Жұбанов) түсіріп отырған. Оған аңыз желісіне құрылған «Жалғыз көзді әулие», үш тақырыптан тұратын «Жиренше шешен» және «Тазша бала», сол секілді кездесті ме, кездеспеді ме ол жағын тап басып айту қиын, бірақ оқиғаны естіп шығарған туындысының бірегейі – Түсіпхан ақын туралы «Қоштасу ән-күйі», «Түсіпханның зары» сүбелі дүние.
Сыбанқұл күйлерін Омархан Керімқұлов­­тан алғаш жазып алып нотаға түсірген, Жетісу күйшілік өнерінің ғылыми негізін салған азамат, күй әлемінің білгірі, менмен дегеннің талайын мойындатқан, соның бір мысалы ЮНЕСКО-ның Қазақ еліндегі, ол аз десеңіз Орталық Азиядағы тұңғыш өкілі, өз Отанында, шетелдерде экспедицияда болып қыруар мұра қалдырған, бүгінде орны ойсырап тұрған дарынды ғалым Базаралы Жұмағұлұлы Мүптекеев еді. Жер басып жүрсе, алдағы жылы ағалық жас алпысқа келер еді. Шераға – Шерхан Мұртаза айтпақшы, «Бір кем дүние».
Ол өмірден озғанннан кейін, жылына қарай Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Базаралының рухына арналған халықаралық конференция өтті. Оған Оңтүстік Кореядан ЮНЕСКО-ның Тынық мұхит және Орталық Азиядағы материалдық емес мәдени мұраны сақтау жөніндегі орталық директорының орынбасары, доктор Сенг-Енг Пак қатысып, Базаралы бауырымыз туралы бағалы сөздер айтып: «Жинаған қолжазбасын кітап етіп шығаруға, үнтаспасын таратуға материалдақ, моральдық қолдауға әзірміз», – деп қажетке жарататын қаржы тарту етті. Азаматымызды бағалаған азаматты шаңырағымызға шақырып, ата салтпен құрмет көрсетіп едім. «Қазақ өнерінің дарағы – дәстүрлі музыка» – дейді Сенг-Ен Пак» атты тақырыппен сұхбат «Егемен Қазақстанға» (22.Х11.2016) шықты.
Ол – ғылым кандидаты еді. Зерттеу жұмысын қорғауға ұмтылып жүрген. Сол түста ғылыми атақты қорғау жұмысын оңтайландырамыз, әлемдік үрдістен қалуға болмайды деген бір науқанның шеті шығып, абыр-сабыр жүріп жатқан. Базаралы Алматыдан телефон шалып, ғылыми жұмысын қорғаудан алып тастағанын айтты. Бар мәселені шешетін Білім және ғылым министрлігі екенін жеткізді. Сұрастырсам, тұтқа министрлік құрамындағы білім мен ғылымды бақылайтын жоғары аттестациялық комитетте екен Төрағасы Найман Бөбейұлы Қалабаев деген азамат болатын. Түсінігі мол, кең пішілген жақсы кісі еді. Алдына бардым. Қызметкерлеріне тапсырма беріп, Базаралының барлық құжатын алдырды. Себебін сұрады. Жұмыс қазақ тілінде жазылған. Жетекшісінің пікірі орыс тілінде екен. Найман Бөбейұлы қармағындағыларға бір-екі бет пікір үшін бүкіл жұмысты жарамайды деу – қателік деп, кешіктіре бермей қорғауға жіберуді тапсырды. Сөйтіп, Базаралы өнертану ғылымының кандидаты атанды. Нағыз толысқан шағында, қырықтың қырқасынан асып, елуге таяғанда өмірден озды. Осымен Базаралы туралы айтар ауқымды сөздің тоқтамын алдағы, келер жылдың еншісіне қалдырайын.
Бұл арадағы негізгі айтпағым, зерделі зерттеуші Базаралы қазір қатарымызда жүргенде Жетісу күйлерінің құпиясына тереңдеп барып, тынысын ашары, тың идеялар ұсынары хақ еді. Астанаға жұмыс ауыстырғаннан кейін жиі араласып, ой бөлісіп жүрдік. «Жетісудың күйлері» деген кітаптың асығыстау дайындалғанын, кейбір күйлерді студент кезінде жазып алғанын, ол кезде тәжірибесінің аздау болғанын, біраз дүниелердің аты ойланта беретінін, тартылу табиғатына қарай өзгерткеннен ұтылмайтынымызды, әсіресе Сыбанқұл күйлеріндегі қысқа қайырымдарды жетілдіру ниетінің барын жиі айтып жүретін. Омархан Керімқұлов орындаған 120 күйдің жартысы ғана қолға тигенін, толық болғанда ғой деген өкінішін алға тартқанда, шаралы жанарын алысқа қадап, қарақошқыл жүзіне қан жүгіріп, нұрланып кеткендей көрінетін.
Ол қаншама таланттың көзін ашты. Солардың бірегейі, жоғарыда да еске түсірдік, Омархан күйші екеуі қатарға қосқан Сыбанқұл Қалбасұлының жауһар туындылары еді. Тірі жүрсе ол Сыбанқұл күйлерінің әрқайсысына ойлылықпен оралып, әр күйге біз секілді болжаммен емес, сауаттылықпен ішкі иірімдеріне үңіліп, бүкіл құрылымына жете мән беріп, қайыңға қаққан болат шегедей, балталасаң бұза алмайтын ғылыми тұжырымды тиянақтар еді.
Сыбанқұл қарулы адам екен. Орта шаруа болыпты. Негізінен бар тірлігі – өнер жолындағы серілік, халықты күймен баулау. Қолы ауыр екен. Ұрса ұшырып түсірген. Тортөбел деген жүйрік аты болыпты, бәйгенің алдын бермепті. Сол аты тарықтырмапты. Қай заманда да өнерліге шыр біте қоймаған ғой. Қазір уақытқа қарай, бүгінгі кей азаматтарға керісінше болу керек.
Бүкіл ғұмырын күй өнеріне арнаған, қайда жүрсе де қолынан домбырасын тастамаған, жоғарыда да айттық, «маған сөзден гөрі, айтар ойымды күймен жеткіз­ген жеңіл» деп өткен күйші-жырау домбыра сөзінің иесі Сыбанқұл туралы жеке мақалаларды айтпағанда, «Жетісудың күйлерінде» (1998 жыл), А.Сейдімбектің «Қазақтың күй өнерінде» (2002 жыл), «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйінде» (2009 жыл), «Қазақ күйлері антологиясында», «Омархан күйші – саумал шертпенің шебері» (2011 жыл), (2019 жыл), С.Медеубекұлының «Күй күмбірлеп, ән шалқығанда…» (2022 жыл), «Жетісудың жампоз күйшісі» (2025 жыл) атты кітаптарда жан-жақты қамтылып, мол мағлұматтар берілген.
Ал оқығаны да, тоқығаны да көп, Алаш рухты Ақселеу: «Қожекеден тікелей тағылым алған Сыбанқұл ұлы дәстүрді жалғастыра алған ең дарынды шәкірттерінің бірі болған. Ол – Жетісудың күйшілік дәстүрін шабыт тұғыры ете отырып, өз жанынан күй шығарғанда өзіндік дара қолтаңбасын айғақтай білген дарынды күйші. Оның күйлері қызықты оқиғаларды арқау ете отырып, сол оқиғалардың өрбуіне орай тарам-тарам болып таратылады. Яғни, оқиғаны күй тілімен бейнелеудің майталман шебері болған», – деп белгілі туындыларын дәйекке келтіреді.
Осы жерде еске түсіп отыр, Қарқара өңірінің күйлері орнығып, бар екенін көрсеткенде, Ақселеу аға: «Албан бауырларда күйші жалғыз Қожеке ме десем, мықтылар көп екен. Тек кеш қам-қаракет жасағансыңдар. Сыбанқұлдың «Үш аққуы» – классика! Жетілдіре түссе, бағы жанғалы тұр. Зерделі зерттеу де жетпей тұр» деп еді. Осы бағаға, осы байламға алып қосар не бар, тек ұлы Ахмет Жұбанов секілді, одан тәлім алған Нұрғиса Тілендиевтей бір кемел кейіндеп қатарға қосылған Қарқара күйлерінің бағын ашса, өкілдерін қыран тұғырындай тұғырға қондырса деген арман-аңсар көкейде күмбірлеп тұр. Көкейдегі күмбір Қазақ елінің көгін түгел қамтыған күй күмбіріне ұласса, ұлт өнерінің береке-бірлікке ұйыған ұлы көшінің салтанаты арта берері ақиқат!

Сүлеймен Мәмет,
журналист-жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

↑