Қонаев қалалық орта мектеп-гимназиясында «Заманауи білім беру: оқыту сапасын арттыру үшін ЖИ мен STEM-ді интеграциялау» атты халықаралық конференция өтті. Мақсаты – оқу үдерісіне жасанды интеллект пен STEM-тәсілдерін интеграциялау мүмкіндіктерін талқылау, тәжірибе алмасу және оқыту сапасын арттыруға арналған тиімді шешімдер ұсыну. Іс-шараға жасанды интеллект және STEM салалары бойынша қазақстандық және шетелдік сарапшылар, елімізде осы бағытта жұмыс істейтін жетекші компаниялардың өкілдері, облыс көлеміндегі мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, мұғалімдер мен тәрбиешілер қатысты.
Жиналған қауымды конференцияның ашылуымен құттықтаған Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марат Тұрсын жасанды интеллект пен STEM бағыттарын оқу жүйесіне енгізудің уақыт талабы екенін баса айтты. Облыс орталығында білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуына қолдау көрсету және оқушыларға халықаралық білім алу мүмкіндіктерін ашу бағытында атқарылып жатқан игі істер жайлы сөз қозғаған қала әкімінің орынбасары «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорымен бірлескен жобалар тың серпін беріп жатқанын атап өтті. Мінберге шыққан «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорының директоры Марина Хан өзі жетекшілік жасайтын қор мен Қонаев қаласы әкімдігі арасында жасасқан меморандумның мақсат-міндетіне тоқталды. Келесі сөз облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Бақытқызына берілді.

– Бүгінгі басқосу – болашақ ұрпақтың зияткерлік әлеуетін калыптастыруға бағытталған алаң. Жасанды интеллект – мұғалімді алмастыратын құрал емес, оның кәсіби мүмкіндігін кеңейтіп, оқыту үдерісін тиімді ұйымдастыруға көмектесетін заманауи технология. Ол оқушылардың жеке білім алу траекториясын қалыптастыруға, оқу жетістіктерін талдауға, білімдегі олқылықтарды анықтауға және педагогтің күнделікті жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді. STEM бағыты – ғылым, технология, инженерия мен математиканы өзара байланыстыра отырып, оқушылардың зерттеушілік, инженерлік және жобалық дағдыларын дамытуға негізделген маңызды бағыт, – деді басқарма басшысының орынбасары.
– Одан әрі сөзін жалғаған Ақмарал Бақытқызы жасанды интеллект пен STEМ технологияларын білім беру ұйымдарына енгізуде педагогтердің цифрлық және жасанды интеллект саласындағы құзыреттілігін арттыруға, мектептерде заманауи зертханалар, робототехника кабинеттері, инженерлік, жобалық жұмыс алаңдарын дамытуға, академиялық адалдық, дербес деректерді қорғау, ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық этика мәселелерінің назардан тыс қалмауы қажеттігін қаперге салды. Сонымен бірге халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мен оқушының шығармашылық зерттеушілік әлеуетін қолдау, заманауи технологияны қолдана алатын мұғалімнің инновациялық ойлауын, цифрлык сауаттылығын және әдістемелік шеберлігін жаңа денгейге көтеру керегін тілге тиек етті.
Конференция әрі қарай пленарлық отырысқа жалғасып, «NeoAI Solutions» компаниясының бас директоры Айдын Мауытхан, профессор, педагогика ғылымдарының докторы, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері Жауынбай Қараев, Canadian International School Astana директорының орынбасары Аббас Хазал, EdTech саласының сарапшысы, eData.kz және Careerhub.kz технологиялық компанияларының директоры Санжар Кенжеханұлы, «BRiF Research Group» компаниясының бас директоры Александр Рузанов, Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Маржан Ғалымжанова білім берудегі жасанды интеллект саласындағы жобалар, STEM негізінде білім мазмұнын жаңарту, жасанды интеллект құралдарын пайдаланудың артықшылықтары мен тәуекелдері, жастарға қажетті құзыреттер, педагогтердің кәсіби қызметіндегі жаңа мүмкіндіктер жайлы сөз қозғады.
Келесі кезекте көпшілік назарына конференция серіктестерінің «Индустрия тәжірибесі: ЖИ, STEM және цифрлық білім беру» атты көрмесі ұсынылды. Көрмедегі заманауи құрылғылармен танысып көрген педагогтер тақырыптық сессияларға қатысты. Параллельді сессияларда да бірқатар спикерлер баяндама жасады. Қатысушылар құнды мағлұматтарға қанығып, озық тәжірибелермен танысып, жаңа әдіс-тәсілдерді үйренді.
Білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, тәжірибе мен ұсыныстар ортаға салынған конференцияның салтанатты жабылу рәсімінде Қонаев қалалық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманәлиева сөз сөйледі.
– Жасанды интеллект пен STEM-ді оқу үдерісіне кіріктіру жаңа технологияларды меңгерумен шектелмейді. Ол педагогтің кәсіби құзыретін жетілдіруді, оқыту әдістемесін жаңартуды және мектептегі білім беру тәжірибесін өзгертуді талап етеді. Қонаев қаласында осы бағыттағы алғашқы нәтижелер «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорымен бірлескен жұмыстан бастау алды. Алғашқы бастамалардың бірі – қала мектептерінің 10-сынып оқушылары арасында ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған олимпиада. Оның мақсаты – Foundation бағдарламасын дамыту, оқушылардың тілдік дайындығын жетілдіру және IELTS, SAT халықаралық емтихандарына дайындық әлеуетін анықтау. Нәтижесінде 10 оқушы қордың арнайы сертификатымен марапатталып, ең жоғары нәтиже көрсеткен бір оқушыға IQ Foundation UK бағдарламасы бойынша екіжылдық, құны 4 миллион теңге болатын білім гранты табысталды. Келесі маңызды іс-шара – 9 қазанда өткен «Global Exchange – 2026» халықаралық жоғары оқу орындарының көрмесі. Оған Канада, Оңтүстік Корея, АҚШ, Франция, Қытай, Австралия, Таиланд, Италия және Қазақстанның 18 жоғары оқу орнының өкілдері қатысты. 9–11-сынып оқушылары мен ата-аналар университеттердің қабылдау талаптары, білім гранттары, оқу бағдарламалары және академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері туралы тікелей ақпарат алды, – деген Мөлдір Ахметжанқызы аталған қордың басшысы Марина Ханға Қонаев қаласының оқушылары мен педагогтеріне жаңа мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған бастамалары үшін алғыс білдірді.
Сахна төрінде «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорының директоры Марина Хан мен педагогика ғылымдарының докторы, професор Жауынбай Қараев халықаралық конференцияның өтуіне қолдау көрсетіп, оның табысты ұйымдастырылуына атсалысқаны үшін «Central Asian Educational Solutions» компаниясының атқарушы директоры Бауыржан Төлеповті, Қонаев қалалық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманәлиеваны, Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясының директоры Гүлзат Ержанованы, қазақ мектеп-лицейінің директоры Руслан Бексұлтанұлын, Ы. Алтынсарин атындағы мектеп директоры Мейрамгүл Бердібайқызын, №2 мектеп директоры Ақылтай Талғатұлын, серіктестік танытқан «DIGIS», «ROQED» компанияларының өкілдерін марапаттады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

