Перейти к содержимому

Шекарашы шипагерлер

92 қаралым

Ақ желеңді абзал жандар туралы қалам тербеу – біз үшін бір ғанибет. Өйткені, дәрігерлік мамандықты таңдаудың артында ерлік пен патриоттық рух тұр.
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына журналистік іссапарпен жолымыз жиі түседі. Сондай кездері міндетті түрде мыңжылдық шыршалар мен түрлі ағаштардың арасынан әрең көрінетін қос қабатты ғимаратқа соғатынымыз бар. Әрине, «бас ауырып, балтыр сыздағаннан» емес… Қызметтерімен танысып, ұжым үздіктерімен танысып, олармен сұхбаттасу үшін. Сондайда байқайтынымыз, сабырлы жүздерінен қапылыс пен асығу дегеннің нышаны да білінбейді. Қойылған сұрақтарға да мүдірмейді. Есесіне, өздері туралы айтып беруге келгенде сәл «сараңдық» танытатындары бар…


Ал осынау медициналық қамтамасыз ету бөлімшесін басқару тізгіні медицина қызметінің капитаны Елнұр Аманғазыға өткен жылдың күзінде жүктеліпті. Айта кетерлігі, ұжымның өзі шағын болғанымен, оларға жүктелген міндеттің жүгі ауыр. Әскер қатарын толықтырып, аталған шекара басқармасының оқу базасына түскен болашақ шекарашы сарбаздарды медициналық жіті тексеруден өткізу, ел шебінде қызмет атқарып жатқан жеке құрамның денсаулықтарын тексеру үшін үнемі іссапарға шығу, аяқ астынан сырқаттанып қалған әскери қызметшіге медициналық көмек көрсету – медицина қызметінің капитаны Е.Аманғазы басқаратын ақ желеңді абзал жандардың еншісінде.
…Жақында қазақ батырының есімін еншілеген шекара басқармасына жолымыз түсті. Біздің жылдар бойы қалыптасқан дәстүрімізге сәйкес, алдымен штабқа соғып, басшылыққа өзіміздің іссапарымыздың мақсатын баяндаған соң басқарманың қонақ үйіне бет алдық. Осы кезде стадион жақтан бізге қарай асыға басып келе жатқан офицерді көріп, тоқтай қалдық. Бұл – мәдениет үйімен қатар тұрған медициналық лазареттің басшысы болатын.


Бізбен емен-жарқын амандасқан офицердің салауатты өмір салтын ұстанатындардың бірі, Шекара қызметінің аясында өтіп келе жатқан түрлі спорттық сайыстарға қатысып, жүлдегер атанғанын білетінбіз. Офицердің мұндай хоббиі бар екенін мақаламызға арқау етіп үлгергенімізді де несін жасырайық… Ер Баукең: «Жақсы командир сарбазын зор етеді» демекші, біз де әр жақсымызды оқырманның назарына ұсынуды мақсат тұтқан жайымыз бар.
…Көп өтпей, медициналық қамтамасыз ету бөлімшесінің табалдырығынан аттадық. Қуанарлығы сол, мұнда бірен-саран сарбаздан өзге емделушілер жоқ екен. Есесіне, өзінің спорттық киімін ақ желеңге алмастырып үлгерген Елнұр Бейбітұлы бастаған медицина қызметкерлері өздерінің қарбалас қызметтеріне кірісіп кетіпті. Бұлар – ұжымда ұзақ жылдан бері мінсіз жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі медбике Райса Сайдахметова, аға медбике, келісімшарт қызметінің кіші сержанты Салтанат Маметова, мейіргерлер келісімшарт қызметінің ефрейторы Радмир Итахунов және келісімшарт қызметінің қатардағы жауынгері Ерсұлтан Тоқтарбектер еді.
– Біздің медииналық лазаретте әскери қызметшілердің денсаулығын бақылау, диагностика және емдеу бағытындағы амбулаториялық медициналық қабылдау жүргізіледі, – дейді медицина қызметінің капитаны Е.Аманғазы бізбен сұхбатында. Сондай-ақ биылғы жылдың көктемінде әскер қатарына шақырылыған жастарды медициналық тексеруден өткізу кезінде денсаулығында кінәраты барларды анықтап, дереу Алматы қаласындағы әскери өңірлік госпиталға жібердік. Әр үш ай сайын шекара бөлімшелеріне барып, сарбаздардың денсаулықтарын тексеріп тұрамыз.
Шекарашылар үшін ең маңыздысы – салауатты өмір салты, тәртіп, жігер, жоғары көңіл-күй, сергектік. Біз де өз тарапымыздан осылардың қай-қайсысын ұстанып, спортпен айналысуға тырысамыз. Бір жағынан өзгелерге үлгі болу үшін.
Дұрыс-ақ. Шығыстан көтеріліп келе жатқан күнді бірінші болып қарсы алатын, қызметі кешкі 20.00-де басталып, тәулікке ұласатын шекарашылар да темірден жаралғандар емес. Ауырады. Міне, сондай қысылтаяңда олардың қасынан табылатын да, кеңес беретін де осынау шипагерлер. Департаменттің мақтаулы ұжымдарының көшін бастап тұрған медициналық қамтамасыз ету бөлімшесі.
Мамандыққа – адалдық дегеніміз, осы шығар, әсілі.


Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы

↑