Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы – еліміздің тарихындағы айрықша белес, халқымыз үшін қастерлі мереке. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы, ұрпаққа аманат болған ең қымбат құндылығымыз. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, әлем картасында дербес мемлекет ретінде жаңа тарихи кезеңге қадам басты.
Осы жылдар ішінде Қазақстан егемен ел ретінде қалыптасып, саяси, экономикалық және әлеуметтік бағыттарда ауқымды өзгерістерге қол жеткізді. Мемлекеттік шекарамыз бекітіліп, ұлттық рәміздеріміз қабылданды, төл теңгеміз айналымға енді. Еліміздің халықаралық аренадағы беделі артып, бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен мемлекет ретінде танылды.
Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасы нығайып, өндіріс орындары ашылып, жаңа инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында маңызды реформалар жүргізілді. Ең бастысы, халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Бұл жетістіктердің барлығы – ел бірлігінің, халықтың қажырлы еңбегінің және ортақ мақсатқа деген ұмтылысының нәтижесі. Өйткені Тәуелсіздікті сақтау мен нығайту – тек мемлекетке ғана емес, әрбір азаматқа жүктелген жауапты міндет.
Бүгінде Алматы облысының Іле ауданы да тәуелсіздік жылдарындағы оң өзгерістер мен өркендеудің жарқын үлгісіне айналып келеді. Аудан аумағында өндіріс орындары дамып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, мектептер мен спорт кешендері бой көтеріп, жол және инженерлік инфрақұрылым жаңартылуда.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. Мұның барлығы – Тәуелсіздіктің берген мүмкіндіктері мен ел дамуына қосылған нақты үлес.
Әрине, Тәуелсіздіктің басты тірегі – ел бірлігі мен қоғамдық келісім. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ел ғана биік белестерді бағындыра алады. Сондықтан жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, мемлекеттік тілді, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді құрметтеу – баршамыздың ортақ парызымыз.
Тәуелсіздік – өткеннің аманаты, бүгіннің бақыты, болашақтың кепілі. Оны көздің қарашығындай сақтау, елдің дамуына үлес қосу және келер ұрпаққа қуатты мемлекет қалдыру – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгілік, бірлігіміз бекем болсын!
Мақсат СЕЙДӘЛИЕВ, Іле ауданының ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қоғамдық пікір көшбасшысы

