Мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі жұмыс уақытымен немесе қызметтік кабинеттің шекарасымен шектелмейді. Оның қоғамдағы жүріс-тұрысы, қарым-қатынас мәдениеті мен іс-әрекеті мемлекеттік қызметке деген қоғамдық сенімнің қалыптасуына ықпал етеді.
Көкпар – халқымыздың ұлттық құндылығы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі спорт түрі. Оны дәріптеу мен дамыту маңызды. Алайда ұлттық спортты насихаттау заң мен тәртіп қағидаттарымен қатар жүруі тиіс.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің тапсырмасына сәйкес Іле ауданында мемлекеттік қызметшілердің «жаппай көкпар» ойындарына қатысуы кезінде заңнама және қызметтік әдеп талаптарын сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің ойыншы, демеуші немесе ат иесі ретінде қатысуы кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын бұзбауына және мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуіне ерекше назар аударылуда.
Осы бағытта ауданның мемлекеттік қызметшілеріне әдістемелік ұсынымдар жеткізіліп, тиісті түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде мемлекеттік қызметшінің қоғамға үлгі болуы тек кәсіби міндеттерін орындауымен өлшенбейді деп есептеймін. Оның азаматтық ұстанымы, құқықтық мәдениеті мен қоғамдық ортадағы мінез-құлқы да маңызды.
Ұлттық дәстүрді құрметтеу мен заңды сақтау – бір-біріне қайшы келетін ұғымдар емес. Керісінше, екеуі де жоғары мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
Асқар САДЫҚОВ, Іле ауданының әдеп жөніндегі уәкілі

