Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ғасыр жасаған әженің өнегесі

Ғасыр жасаған әженің өнегесі

45 қаралым

Бүгін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Ел өміріндегі осы маңызды оқиғадан 105 жасқа келген Шонжы ауылының тұрғыны Бейсехан апамыз да шет қалмады. Алты баласынан немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырған ақ жаулықты ана ауылдағы №927 сайлау учаскесіне келіндері мен немерелерін ерте келіп, өз таңдауын жасады.
Бір ғасырдан астам ғұмыр кешіп, талай заманның куәсі болған Бейсехан апамыз 2015 жылдары отбасымен бірге Атамекенге оралған екен. Осынау жасында да елдің қоғамдық өмірінен шет қалмай, кейінгі ұрпағына ісімен өнеге көрсетіп жүрген ананың бүгінгі қадамы көңіл сүйсінтті.
– Атамекенге келген соң балаларым осы елдің дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Ендігі тілегім – еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ұрпағымның қызығын көре берсем екен. Халықтың қамын ойлайтын азаматтар көп болсын, – дейді Бейсехан апамыз.
Бейсехан апамыздың келіні, «Отандас ел» қоғамдық бірлестігінің аудандағы жетекшісі, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Иса Әділхан да бүгінгі саяси науқанға қандастардың да белсенді атсалысып отырғанын жеткізді.
– Ауданымыздағы қандастар қоғамдық өмірге белсене араласып, өңірдің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Сайлау науқанына да белсенді қатысады. Өзім де қоғамдық бірлестік жетекшісі ретінде қандастарымыздың ел өміріне етене араласуына, азаматтық құқықтарын жүзеге асыруына барынша қолғабыс етіп жүрмін. Бүгін 105 жастағы анамызбен бірге дауыс беруге келдік. Үлкеннің осындай өнегесін көріп өскен балаларымыздың да елінің ертеңіне бейжай қарамайтынына сенемін, – дейді Иса Әділхан.
Ұйғыр аудандық Отбасын қолдау орталығының бастамасымен қолға алынған «Ұрпақтар сабақтастығы – әділетті болашаққа таңдау» атты шараның да өзіндік мәні бар. Бір әулеттің бірнеше буынының бірге дауыс беруі – отбасындағы бірліктің, үлкенге деген құрмет пен ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.
Қазақ қашанда үлкеннің сөзінен ғибрат алып, ісінен үлгі көріп өскен халық қой. Кейде ұзақ айтылған ақылдан бір ғана істің тағылымы басым түседі. Ғасырдан асып ғұмыр кешкен, қартайған шағында атамекенге оралып, бүгінде ұрпағының осы елде өсіп-өркендегенін көріп отырған Бейсехан апамыздың азаматтық ұстанымы да кейінгі буынға үлкен өнеге.


Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы

↑