Ұзынағаш ауылындағы №268 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері Ұлы Отан соғысының ардагері, 99 жастағы Фёдор Емельянович Ковалёвтің үйіне арнайы барып, дауыс беруін ұйымдастырды.
Жасы ғасырға таяған қарт майдангер ел өміріндегі саяси науқаннан қалыс қалмай, мемлекет болашағына бейжай қарамайтын азаматтық жауапкершілігін тағы да дәлелдеді. Қиын-қыстау кезеңді бастан өткерген ардагердің бүгінгі таңда да қоғамдық өмірге сергек қарап, өз пікірін білдіруге ұмтылуы – отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Мұндай сәттер жас буынға ел тағдырына атсалысудың маңызын ұғындырып, үлкенге құрмет көрсетудің ізгі дәстүрін нығайта түседі.
Дауыс беру рәсімі аяқталған соң сайлау комиссиясының мүшелері Фёдор Ковалёвке зор денсаулық, отбасына амандық тіледі. Сонымен қатар олар ардагерге сұрапыл соғыс жылдарындағы өшпес ерлігі, ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі өмір жолы үшін шын жүректен алғыс білдірді.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы

