Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысының тұрғындары мәслихат сайлауында белсенділік танытты

Алматы облысының тұрғындары мәслихат сайлауында белсенділік танытты

51 қаралым


Бүгін елімізде мәслихат депуттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Маңызы зор саяси науқанда Алматы облысының тұрғындары да белсенділік танытып, өз таңдауын жасады. Облыстағы аумақтық сайлау комиссиясының дерегінше, аймақта сайлауға құқығы бар 1 056 474 адам тіркелген, оның ішінде кәмелет жасына толған 8 296 азамат алғаш рет сайлауда дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. 683 сайлау учаскесінде 1278 коалиция мүшесі, «Әділет» партиясынан 1278 байқаушы, сондай-ақ өзге де партиялар атынан 1590 байқаушы дауыс беру үрдісін бақылады. Бұл күні облыс орталығында қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетті.
Аймақтағы барлық сайлау учаскесі сағат 7:00-ден жұмысын бастады. Таңсәріден әр буын өкілдері саяси науқанда өздерінің азаматтық ұстанымын білдіру үшін сайлау учаскелеріне қарай асықты. Саяси науқан жас сайлаушылар үшін де жарқын сәтке айналды. Мәселен, Іле ауданы Асқар Тоқпанов ауылындағы №396 сайлау учаскесінде 18 жасқа толған ҚазҰУ-дың 2-курс студенті Жәнібек Мерей алғаш сайлауға қатысты. Осы айтулы сәтке орай жас сайлаушыға қазақ әдебиетінің ұлы туындысы – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы тарту етілді. Сайлаудан ғасыр жасаған әжелеріміз де шет қалмай, ел болашағы үшін таңдауларын жасады. Солардың бірі – Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылында, тыл ардагері, ғасыр жасаған әже Күлпара Шортанова өз шаңырағында дауыс берді. Бұл күнде 39 немере, 73 шөбере және 7 шөпшектің ортасында отырған жүзден асқан ақ жаулықты әжеміз елімізге тыныштық пен амандық тілеп, ақ батасын берді.
Ел тізгінін ұстаған азаматтар да саяси науқаннан тыс қалған жоқ. Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов Қонаев қаласындағы №949 сайлау учаскесіне барып, өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырды. Сондай-ақ сайлау күнінде ақын-жазушылар, өнер және мәдениет қайраткерлері, белгілі спортшылар да өз таңдауын жасады.
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ұрпақтары – Салтанат Тезекбайқызы мен Мұратхан Әлімқұлұлы бастаған ақын әулеті Жамбыл ауылындағы №296 сайлау учаскесіне ұйымшылдықпен келді. Әуелбек Ысқақ бастаған Үмбетәлі ақынның ұрпақтары да туған мекені – Үмбетәлі ауылындағы №325 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Ұзынағаш ауылындағы №268 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері Ұлы Отан соғысының ардагері, 99 жастағы Фёдор Емельянович Ковалёвтің үйіне арнайы барып, дауыс беруін ұйымдастырды.
Жасы ғасырға таяған қарт майдангер ел өміріндегі саяси науқаннан қалыс қалмай, мемлекет болашағына бейжай қарамайтын азаматтық жауапкершілігін тағы да дәлелдеді. Қиын-қыстау кезеңді бастан өткерген ардагердің бүгінгі таңда да қоғамдық өмірге сергек қарап, өз пікірін білдіруге ұмтылуы – отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Мұндай сәттер жас буынға ел тағдырына атсалысудың маңызын ұғындырып, үлкенге құрмет көрсетудің ізгі дәстүрін нығайта түседі.
Дауыс беру рәсімі аяқталған соң сайлау комиссиясының мүшелері Фёдор Ковалёвке зор денсаулық, отбасына амандық тіледі. Сонымен қатар олар ардагерге сұрапыл соғыс жылдарындағы өшпес ерлігі, ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі өмір жолы үшін шын жүректен алғыс білдірді.
Қарасай ауданына қарасты Жармұхамбет ауылының егіз қыздары Қазина мен Қазиза Қайсарқыздары да шет қалмады. 2004 жылы дүниеге келген егіздердің әзірге өз отбасылары жоқ. Алайда олар білім беру саласында адал еңбек етіп, Жармұхамбет ауылындағы №2 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.
Қарадаланың атын алыс-жақын шетелдерге танытып, талай дүбірлі додада ел намысын қорғап жүрген Нодаржан Хамруллаевты аудан жұртшылығы жақсы біледі. Тағдырдың ауыр сынағына мойымай, спортта үлкен жетістіктерге жеткен жерлесіміз қоғам өмірінен шет қалған емес. Бүгін өтіп жатқан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында Нодаржан инватакси қызметін пайдаланып, өзі тіркелген сайлау учаскесіне ұлымен бірге келіп, дауыс берді.
Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылында ұсталық өнерді жалғаған елге танымал Дәркембаевтар отбасы да азаматтық ұстанымын білдірді. Есік қаласында тұратын атақты марафоншы, жеңіл атлетика және шаңғы спортының жаттықтырушысы, педагог, КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері Алпыс Ермағамбетов те елмен бірге өз таңдауын жасап, жас ұрпаққа үлгі болды.
Әрине, бүкіл ел көлемінде өткен саяси науқан кезіндегі әр өңірдегі елеулі оқиғаны тізіп шығу мүмкін емес. Десе де, Алматы облысында өткен бұл мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы – жұртшылықтың ел болашағына деген жауапкершілігі мен ауызбіршілігінің айқын көрінісі болды.
Болат Мәжит

↑