Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Литваның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлис екіжақты кездесу өткізіп, өңір мен Литва арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады деп хабарлайды «Алатау арайы» тілшісі.
Кездесу барысында Литва Республикасы мен Алматы облысы арасындағы экономикалық ынтымақтастық, атап айтқанда, тауар айналымын ұлғайту, инвестициялық әлеуетті ілгерілету, Қазақстан кәсіпкерлерінің бизнеске қатысу тақырыптары көтерілді. Сонымен қатар, мәдени іс-шаралар, жоспарланған көрмелер және туризмді дамыту жайы талқыланды. Кездесуді ашқан Литваның еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлис Қазақстан мен Литва арасындағы тауар айналымы көрсеткіштері жақсарғанын, бұл екі ел бизнес өкілдерінің табысты жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.
– Біз ынтымақтастықты одан әрі күшейтуіміз керек. Бүгінде бізді ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі қызықтырады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, былтыр Қазақстанның Литваға экспорты 446,4 млн. долларды құрады, оның ішінде Алматы облысының үлесі 2,6 млн. доллар. Литваға экспортталған тауарлардың негізгі топтарында металдар мен металдан жасалған бұйымдар, балық өнімдері, өсімдіктерді қоректендіруге және топырақтың құнарлылығын арттыруға арналған заттар бар. Литвадан Алматы облысына құрал-жабдық, тоқыма бұйымдары және азық-түлік импортталды, – деді Гинтаутас Васюлис.
Литва елшісі өңірдің туристік және білім беру әлеуетіне баса назар аударып, қазақстандық студенттер үшін 200-ден астам шәкіртақы бөлінгенін және 8 жоғары оқу орнының «Болашақ» бағдарламасы бойынша аккредиттелгенін айтты. Литвада сауықтыру және медициналық туризм секторы жақсы дамығанын жеткізіп, литвалықтардың тау жорықтары, аң аулау, қорықтарға бару, жалпы туризм бағыты қызықтыратынын атап өтті.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде қаланың алдағы дамуы мен ынтымақтастықты ары қарай жалғастыру туралы ойын сабақтады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қонаевта бірқатар оқу орындары салынады. Осыған байланысты білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңызы зор болмақ. Бұл студенттердің екі елде білім алуына мүмкіндік береді. Туризмге келетін болсақ, біздің облыс еліміздегі ең бай аймақтардың бірі саналады. Мұнда сіз Айғайқұмға барып, ондағы шатқалдарды тамашалай аласыз. Қазіргі таңда аймақтың логистикалық дамуына көп көңіл бөлініп отыр. Бұл туризмнің одан әрі қолжетімді болуына мүмкіндік тудырады. Ынтымақтастық екі мемлекеттің дамуына жаңа серпін береді, – деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.
Кездесу соңында екі тарап өкілдері бір-біріне өңірдің көрікті жерлері бейнеленген кітапшалар табыстады.
Алма ЕСЕНБАЙ
Қонаев қаласы