Талғар қаласындағы «Baron Food» өндірістік кәсіпорны ширек ғасырдан бері өз өнімдерімен тек осы өңірді ғана емес, бүкіл Қазақстанды қамтамасыз етіп келеді. Мұнда шығарылатын өнім тіпті Өзбекстан және Ресей сияқты жақын шетелдерге де экспортталып отыр.
«Baron Food» компаниясының негізін 1999 жылы кәсіпкер Сергей Калинин қалады. Кәсіпорынның тамақ өнеркәсібіндегі алғашқы қадамы макарон өнімдерін шығарудан басталды. Ол бүкіл Қазақстанда сатылып, тіпті көршілес Өзбекстанға да шығарылды. Алайда 2000 жылдардың басында бұл өнімдерге деген сұраныс төмендеп кетті. Нарықты жіті қадағалап, кәсіпкерлікті жүргізу тәсілдерін заман талабына сай реттеуді мақсат тұтқан кәсіпорын басшылығы көп ұзамай өндіріс бағытын өзгерту жөнінде шешім қабылдады. Сөйтіп, 2002 жылы жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, тоңазытылған шалафабрикаттар өндіру қолға алынды.
Олардың ассортименті өте кең. Қазір мұнда тұшпараның 16 түрі, 5 түрлі вареник өнімі, 4 түрлі манті, 3 түрлі құймақ, 4 түрлі котлет, 20 түрлі шұжық, хинкали, чебуректер және ет өндіріледі. Компанияның атқарушы директоры Юлия Литвинованың айтуынша, сапалы өнім өндіру үшін мұнда ең алдымен шикізатқа басты көңіл бөлінеді.
– Тескенсу ауылында өзіміздің малшаруашылық фермамыз бар. Әр күні біз содан жаңа сойылған мал етін алып, тұшпара үшін фарш жасаймыз. Оның әртүрі үшін дайындалған дәмдеуіштер мен ет түрін қолданамыз. Қамырды жоғары сортты ұннан табиғи жұмыртқа қосып дайындаймыз. Ұн міндетті түрде бидайдың белгілі бір деңгейде желімтегі бар және ақ түсті қатты сұрыпынан болуы тиіс. Бұл тұшпара қайнатылған соң жұмсақ және дәмді болуына тікелей әсер етеді. Жұмыртқаны «Alsad» компаниясынан сатып аламыз. Өнімнің әр құрамдасының өз шарты және сақтау мерзімі бар. Жаңа дайындалған шикізатты жеткізу қатаң түрде кестеге сай жүргізіліп, өндірістің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. «Барон» сауда белгісі халқымызға өте танымал және тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие. Әр жыл сайын компания өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін де жетілдіріп келеді, – дейді Юлия.
Ол, сондай-ақ, сұранысы төмен өнімдерді өндіру дереу тоқтатылатынын айтты. Өйткені нарықтық қатынас пен кәсіпкерлік талаптары сақталмаса, оларды шығара беру ойдағыдай нәтиже бермейтін көрінеді. Сонымен бірге тұтынушылармен @baron.kz «Инстаграм» парақшасы және baron. kz сайты арқылы кері байланыс орнатылғанын және компания әрқашан олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, ұсыныс-тілектер дер кезінде ескерілетінін атап айтқан жөн.
– Өткен жылы сатып алушылар біздің кәсіпорында өндірілетін өнім түрлері мен қосымша тауарларды оффлайн көріп, танысуы үшін өзіміздің фирмалық дүкенімізді аштық. Біздер үшін өндіріп жатқан өніміміз барынша сапалы және табиғи болғаны өте маңызды. Сондай-ақ біз өнімдерімізді жұмыс істейтін және қолы онша босай бермейтін жандарға бағыттап отырамыз. Нәтижесінде, тұтынушылар уақыты мен күш-қайратын үнемдеп, отбасымен көбірек болып, бала тәрбиесіне көңіл бөледі. Жалпы өндіріс тұрақты және барлық жұмыс орындары жұмысшылармен қамтылған. Компанияда негізінен Талғар қаласы мен оған жақын ауылдарда тұратын 240 жергілікті қызметкер еңбек етеді. Жалақылары да жаман емес, – дейді әрі қарай сөзін жалғастырған атқарушы директор.
Қай кәсіпорын болса да өнімдерін өзге елдерге экспорттау өте маңызды. Әсіресе халқы аз, жері кең Қазақстан үшін сапалы және жоғары сұранысқа ие азық-түлік өнімдерін өндіру айрықша мәнге ие. Бұл, бір жағынан, бағаның тұрақтылығына оң ықпал етсе, екінші жағынан, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға қосылған үлкен үлес болмақ. Ал сапалы және табиғи отандық өнімді тұтыну ұлт саулығының жақсаруына да негіз болатыны сөзсіз. Осы тұрғыдан бұл компанияның ұстанған бағыты қай жағынан да құптарлық.
Бүгінгі күні «Baron» фирмалық белгісімен өндірілетін өнімдер тек өз еліміздің азық-түлік дүкендері мен супермаркеттерінде ғана емес, сонымен бірге Ресей Федерациясының ірі сауда орталықтарында сатылуда. Ең бір бөліп айтатын жайт, бұл компанияның технологиялық құрал-жабдықтар шығаратын, оларды жөндейтін және қызмет көрсететін өз цехы бар. Ал торай, баспақ, үйрек, қаз, тауық, балық өсіретін шаруа қожалығы өндірісті экологиялық таза, жоғары сапалы табиғи ет шикізатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Компанияның даңқын шығарған өнімдердің бірі фирмалық шұжық десек, ол осы шаруа қожалығында өндірілетін таза шикізат пен ешқандай химиялық қоспасыз, бояуларсыз және консервантсыз дайындалғанының арқасы. Келешекте шұжық өнімдерінің ассортиментін кеңейту мәселесі де шешілмек.
Бір сөзбен айтсақ, қазіргі таңда дастарқанға 50-ден аса өнім ұсынып отырған «Baron Food» – үздік сапа белгісіне ие отандық заманауи кәсіпорын. Ендігі жерде олардың қатары көбейіп, өз кәсібін ашқысы келетін жандар, әсіресе, жастар өндірістік бизнеске бет бұрса екен.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы