Бүгінде қыздар арасында болашақ жарынан сый сұрау сәнге айналғандай. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, бойжеткен немесе тұрмысқа шығатын қыздарға «Мәһірге не сұрайсың?» деген сауал жиі қойылып жатады. Мәһір көпшілік арасында қызу талқыға түсіп жатқан толғақты тақырыпқа айналғандықтан да неке сыйына қатысты түрлі пікірлер орын алуда. Оған қыздардың мәһірге көлік, пәтер, қымбат бұйым сұрауы себеп болуда.
Онсыз да үйленуге әзер қаражат тауып, құдалық, тойдың қаншама шығынын көтеретін жігітке мәһір қосымша бір жүк болғандай. Тіпті осы мәһірге қымбат сый сұрағандықтан, қосылмай жатып, айырылысып жатқан жастар да баршылық. Мәселен, жуырда неке қию рәсімінде мәһірге қымбат көлік сұраған қалыңдықты жігіті тастап кетті. Қыз соңғы үлгідегі ең қымбат көлік сұрағанда күйеу бала үнсіз орнынан тұрып, «Той болмайды» депті де, ешкімнің сөзіне құлақ аспай кетіп қалған. Күйеу жігітті қыздың «Ойнап айттым» деген ақталуы да тоқтатпаған. Бұған ол «Құдайдың үйінде ойнайтын қатын керек емес!» деп жауап беріпті. Екі ортада тойға шашылған ата-ана шарасыз күйде қалған.
Қыз жағы күйеу жақтағы құдалармен хабарласса: «Баламыз бет бақтырмайды. Біз бәріне той болмайтынын айттық. Баламыз Астанаға жұмысына кетіп қалды. Қызыңыз өзінен көрсін», – депті. Анасы «Мисыз қыздың барынан – жоғы, ел-жұртқа масқара болдым» деп күйініп отырған көрінеді.
Бұл жағдайға орай әлеуметтік желі қолданушылары: «Біз кезінде еш мәһірсіз-ақ неке қиып, пәтер жағалап жүріп, бала туып, үйлі болып едік. Арабтың салтын сонша әспеттегеннен не шықты?» деген пікір жазды. Сондай-ақ, мәһірдың қазақ салт-дәстүрінде жоқ екенін де алға тартқан да оқырмандар бар.
Бүгінде мәһірге қатысты қоғам пікірі де екіге жарылған. Үлкендер жағы мәһір сұрамай-ақ екі жақтап тірнектеп жұмыс істеп жүріп, отау болғандарын алға тартса, жастар жағы неке сыйын алдыңғы орынға қойып жатады. Мәһір сұрау қаншалықты дұрыс? Бұл сауалды дінтанушы, психолог Қанат Мүтебаевтан сұрап көрген едік.
– Мәһір дегеніміз – күйеудің қалыңдыққа беретін бағалы сыйлығы. Ең алғаш тұрмысқа шығып жатқан кезде әйелді бір жағынан, қуанту мақсатында, екіншіден, өмірде әртүрлі жағдайлар болады, ер адам алыс сапарға шығып, жұмыс істеп кетуі мүмкін, сондай кезде күйеуі қайтып оралғанша балаларына нәпақа ретінде жұмсау үшін беріледі. Демек, сыйлыққа берілген затты сатқанда біраз уақыт балаларын тамақтандырып, киіндіруіне жететіндей болуы керек.
Мәһірді ақшалай да, заттай да сұраса болады. Бірақ, ер адамның жағдайына, мүмкіндігіне қарау маңызды. Бұл орайда Пайғамбарымыздың: «Әйелдердің ішіндегі ең салиқалысы мәһірінің аз болғаны», – деген хадисі бар. Демек, сыйлықты аз сұрау, ерінің жағдайына қарау қайырлы іс болмақ. Қазір оны артығымен сұрап, жігіттің жағдайы жете ме, жетпей ме деген нәрсеге мән берместен несиеге батырып жатқандар бар. Осыдан келіп, жас жұбайлардың арасында түсініспеушілік орын алуда. Бұл – дұрыс емес. Ол – жанашырлық емес, өз басын ойлаушылық. Сол себепті тұрмысқа шығып жатқан қыз жігіттің жағдайына қарауы керек. Ер адамның шамасы жетсе, қалыңдығының қалауы бойынша мәһірды алып береді. Осы орайда түсініспеушілік болмас үшін қалыңдық пен күйеу неке қияр алдында қандай зат алып беруге шамасы жететіні туралы ақылдасып, келісіп алуы керек. Мешіт қызметкерлері де осы мәселені түсіндіріп айтса, дұрыс болады. Мен өзім де талай жыл мешітте қызмет еттім. Сол кезде қымбат зат сұрағандарды тоқтатып, өз кеңесімізді айтатынбыз. Ондайда көбіне алтын сырға, жүзік сұралатын. Болашақ жарының жағдайын түсінген кейбір қалыңдық, 5-10 мың теңге, күміс жүзік қана алып жатады. Ондай неке берік болады деп ойлаймын. Өйткені, әуел бастан-ақ түсіністікке құрылады, – деді дінтанушы маман.
Шариғат бойынша да мәһір беру – міндет. Бірақ ол некенің шартына кірмейді, яғни, мәһір берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады. Бұл турасында ҚМДБ ақпарат бөлімінің басшысы Ағабек Сыдықов «Facebook» желісінде жариялаған еді.
Елімізге танымал Нұрлан имам Байжігітұлы да мәһірге қатысты пікірін былайша білдірген болатын: «Мәһір деген – діндегі бар нәрсе. Ол – қыздың ақысы. Біздің аталарымыз оны қыздың атына қалың мал, әкенің күші, ананың сүті деген тәрізді басқа да аттармен ауыстырып берген. Қазір мәһір сұраймын деп басына «бақыр» киіп қалатын қыздар көп. Сондықтан шүкір деу керек. Егер мәһір бермеген болса, «жан жарым аман болсын, дені сау болсын» дегеннің өзі, яғни, жақсы тілек мәһір орнына жүреді. Қыздар күйеуге тимей жатып, ажырасып кетсем, мәһір болашақта азығым болады деп ойлайды. Ондай қыздарға айтарым, ең алдымен күйеуге шығып алыңдар. Сосын ондайды мүлдем ойламай, керісінше қалай бақытты отбасы боламыз, соны ойлаңдар дегім келеді. Алла адамның пейіліне қарай береді», – деді Нұрлан имам.
Дін өкілі айтпақшы, қалыңдық мәһір мөлшерін азайтса немесе мүлде бас тартса, жігіттен бұл парыз алынып тасталады екен.
Шариғат заңы бойынша мәһірдің мөлшері қандай дегенге келсек, бұрын араб елдерінде қалыңдыққа кем дегенде он динардың көлемінде берілген. Пайғамбарымыз: «Он дирхамнан азы мәһір емес», – деген. Сахабалар өмір сүрген араб халифаты заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған. Қазір мәһірдың нақты мөлшері жоқ, бірақ қалыңдық азырқанса, неке қиюшы дін өкілі күйеу жігітке болашақ зайыбының көңілінен шығатындай дәрежеде сый жасауы керектігін ескертеді. Мәһір әйелдің жекеменшік мүлкі болып саналады. Тіпті, кейін екеуі ажырасып кетсе де, күйеуінің мәһірді қайтып алуға қақысы жоқ. Өйткені, мәһір – әлсіз, нәзік әйелдің жалғыз, қор ғансыз қалған жағдайда (жесір қалса немесе ажырасып кетсе) материалдық мұқтаждық көрмеуіне арналған қамқорлық. Бұл екі жастың арасындағы келісім десе де болады. Мәһір – қалындықтың жеке мүлкі болғандықтан, тіпті, екі жас ажырасып кетсе де күйеуі «берген сыйымды қайтар» деп немесе қайынжұрты «біздің баланың саған берген сыйын қайтар» деп даулауға құқығы жоқ.
Мәһір сұрауға келгенде әркімнің әлеуметтік жағдайы әртүрлі екені ескерілуі керек. Бірінің мүмкіндігі қалыңдығына үй, көлік сатып алып беруге, енді бірінің материалдық жағдайы алтын сақина алуға ғана жетеді. Сондықтан, бұл мәселеде қыздарға мұқият болған жөн. Өйткені, мәһірге өте қымбат дүние сұраған қыз ер-азаматты өзіне өмір бойы қарыздар етіп қоюы мүмкін. Мәһірды бере алмаған жігіт Алланың алдында берген уәдесін орындамай, күнаға батқан болып есептелінеді. Сондықтан мәһірге өте қымбат дүние сұраған орынсыз. Мұндай келте ойлайтын әйел алған жігіттің болашағы да бұлыңғыр. Ерінің ертеңгі күнге үміті зор, дені сау болса, әйелін талай қымбат сыйлыққа кенелтері хақ. Осы орайда қыздардың шексіз дүниеқұмар болуы өзіне сор дер едік. Ақша мен байлыққа шексіз құмартқан әйелден ер адамның да көңілі тез суыйтыны анық. Сол себепті ислам діні бойынша шарт болғанымен, халқымызда жоқ дәстүрге бола енді бой көтеретін шаңырақты шайқалтпау парыз. Мәһірсіз-ақ атабабамыз отау құрып, он-он бес баланы өмірге әкеліп, ұрпақ өрбіткен. Ал, бүгінде мәһір тақырыбының өзекті болуы, жастардың байлыққа шектен тыс қызығуы, демек, қыз тәрбиесінде жіберіп алған кемшілігіміздің бір көрінісі деуге болады. Оның үстіне қазіргі таңда қыз оңды жігіт таппай, жігіт түсінігі бар қыз іздеп дал болып жүрген уақытта бір сыйлыққа бола келісе алмай, екі айырылысып кету ойға қонымсыз жайт. Қыздар мәһірге жөнсіз дүние сұрамай-ақ, жігіт жақсы екенін көрсе, тұрмысқа шығып алғаны абзал. Саналы жігіт өзі-ақ отбасы жүгін мойнына алады. Жас кезінде қиналғанымен, уақыт өте келе жақсы тұрмыс кешіп кететін қаншама тату отбасылар бар. Солардан неге өнеге алмасқа? Өмірдің ащы-тұщысын бір кешкен ерлі-зайыптылар ертең қызығы мен рақатын да бірге көреді.
Байлықты емес, болашағын бәрінен жоғары қойған қыздар арасында мәһірден бас тартып жатқандары да бар. Жуырда бір жас келіннің мәһірді сұрау міндетті емес, бақытты болса жеткілікті екенін айтқан бейнежазбасы тарады. Біздің де түсінігіміз осыған сай, мәселе – мәһірде емес, екі жастың бір бағытқа қарап, болашаққа бой түзеуінде. Ал дүние, байлық, ақша – қолдың кірі. Ниеті бар адамға оны табу еш қиындық келтірмейді.
Алма Есенбай