Алатау қаласы мәслихатының кезектен тыс II сессиясы өтті. Сессияға облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Мәдіғұлов, қалалық мәслихат депутаттары, қалалық қоғамдық кеңес, ақсақалдар мен аналар кеңестерінің төрағалары, кәсіпкерлер, белсенді тұрғындар қатысты Отырысты мәслихат төрағасы Роза Әбілова ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз алған Мұрат Бақыткерімұлы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 23-1-бабының негізінде облыс әкімі М.Сұлтанғазиевтің өкімімен мәслихаттың қарауына Гүлбану Несіпбаеваны Алатау қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсыныс енгізілді. Ұсыныс дауысқа салынып, халық қалаулылары Гүлбану Несіпбаеваның кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.
Гүлбану Сейіткенқызы 1990 жылы 18 наурызда Алматы облысы Балқаш ауданының Жиделі ауылында дүниеге келген. 12 жасында Заречный ауылына қоныс аударып, осы елдімекендегі №12 орта мектепті тәмамдаған. Одан кейін жоғары білім алып, аталған ауылдық округ әкімінің аппаратында еңбек жолын бастаған. Әр жылдары жетекші маман, бас маман, әкімнің орынбасары, міндетін атқарушы болып қызмет атқарған. Былтыр тамыз айында өткен Заречный ауылдық округі әкімінің сайлауында 76,10 пайыз дауыс алып, ауылдық округ әкімі болып сайланды.
Одан әрі жалғасқан басқосуда Алатау қаласының әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасы мен қала әкімдігінің дербес құрамын бекіту туралы шешім қабылданды.
Келесі кезекте облыстық сәулет және қалақұрылыс басқармасының басшысы Болат Мұсылманбеков сөз алып, қаланың Бас жоспарымен таныстырды. Баяндамашының айтуынша, Бас жоспардың негізгі мақсаты – «Жаңа Жібек жолы» бойында орналасқан жаһандық туристік орталығы бар, экономикалық дамыған өнеркәсіптік қала құру. Қала аумағын дамытудың негізгі бағыттарын анықтайтын стратегиялық құжат Жер кодексінің, Экология кодексінің, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңдарының, қала құрылысын жобалау саласына жататын басқа да заңнамалық акт талаптарына сәйкес және облыстың аумақтық-әкімшілік құрылымындағы өзгерістерді, жобаланатын аумаққа жаңа мәртебе беруді ескере отырып әзірленген. Алатау қаласы 2050 жылға қарай халқының саны 1 млн 870 мың адамға жетіп, Алматы қаласымен бірге көпорталықты агломерациялық жүйе құра отырып, еліздің ең ірі экономикалық орталықтарының біріне айналады. Ол «Gate District», «Golden District», «Growing District», «Green District» сияқты жекелеген қалалық құрылым бөліктерінен тұрады. «Gate» ауданы Алматы қаласының солтүстік бағыттағы табиғи жалғасы ретінде қалыптасып, Лондон, Нью-Йорк, Сингапур қалаларына ұқсас халықаралық деңгейде қаржылық қызметтердің кең спектрін ұсына отырып, Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның жаңа қаржы және іскерлік орталығына айналады. Осы жобаларды іске асырудың арқасында 181 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. «Golden» ауданы Қазақстанның өңірлерінен де, әлемнің түкпір-түкпірінен де ондаған мың студенті, ғалымдар мен туристерді тартатын елдің ғылыми-білім беру және медициналық орталығы болады. «Growing» ауданы өңірдің өнеркәсіптік және логистикалық орталығына айналады. Мұнда тамақ пен химия өнеркәсібі, металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясының инновациялық кәсіпорындары орналасады. Осы кәсіпорындарды кадрлық қамтамасыз ету үшін мамандандырылған орта және жоғары оқу орындары ашылады. Аудан аумағында жылына 40 млн жолаушыға дейін қабылдайтын максималды қуатқа ие еліміздегі ең ірі халықаралық әуежай, мультимодальды жүктерді өңдеуге арналған құрғақ порт салу жоспарлануда. «Green» ауданын 320 мыңға жуық адам мекендейтін болады және келешекте ол рекреациялық-ойын-сауық және спорттық сипаттағы қызметтердің кең спектрін ұсына отырып, туристік кластердің бір бөлігі болуға тиіс. Ол үшін бірқатар ауқымды жобаны іске асыру жоспарлануда. Аудан тек жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, еліміз бен шетелдік туристердің жиын нүктесіне айналады. Бұл жобаға халықаралық деңгейдегі казино, заманауи аттракциондары бар ойын-сауық саябақтары, «Формула-1» жарыс жолы, бірегей курорттық-қонақүй кешендері жатады.
Бүгінде жобаланатын қаланың аумағында 12 елді мекен орналасқан. Олар – Талғар ауданының Дәулет және Қайрат ауылы, Іле ауданының Жетіген, Еңбек, Жаңаарна, Құйған, Жаңадәуір, Жаңаталап, Ынтымақ, Қоянқұс елдімекендері, Қонаев қалалық әкімшілігінің Заречный және Арна ауылы. Қоғамдық жолаушылар көлігінің келешек желісі рельсті және жерүсті көлік түрлерінің желілерін қамтиды. Алатауда ірі теміржол вокзалы салынып, халықаралық, қалааралық және қала маңындағы қатынастарда жолаушыларды қарсы алып, жөнелту нүктесі болады. Қаланың батыс шекарасында 2030 жылға қарай перспективалық өткізу қабілеті жылына 15,0 млн жолаушы болатын жаңа «Алатау» халықаралық әуежайын салу жоспарланған. «Алатау» әуежайы мен «Алатау» теміржол вокзалы өңірдегі ең ірі сыртқы көліктің көлік ауыстырып мінгізу торабын құрайды. Алатау қаласының аумағын кесіп өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансконтинентальдық көлік дәлізінің «Жетіген-Қазыбек бек» теміржол учаскесі 2030 жылға дейін іске асырылуы жоспарланған.
Алатау қаласының Бас жоспарымен жан-жақты танысқан депутаттар жобаны бекіту жөнінде шешім қабылдады.
Сессия жұмысын қорытындылаған Мұрат Мәдіғұлов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 9 қаңтардағы «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» №432 Жарлығына сәйкес, Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, оның атауы Алатау қаласы болып өзгертіліп, қаланың мәслихаты құрылғанымен ауқымды жоба бойынша жұмыстар әлі қолға алына қоймағанын атап өтті. Оған жергілікті атқарушы органды басқаратын Үкіметі өкілінің тағайындалмауы қолбайлау болғанын, сондықтан кезектен тыс сессия өтіп, тарихи шешімдер қабылданғанына қатысушылардың назарын аударды. Сондай-ақ, уақыты келгенде Алатау қаласының әкімі өз тәртібімен тағайындалатынын, оған дейін Гүлбану Несіпбаеваның бұл лауазымды уақытша атқаратынын, сондықтан бұл шешімге қала халқының түсіністік танытқандары абзал болатынын қаперге салды.
Айжарық Көптілеуов