Әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы жақсарса, тұтас қоғам жақсарады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында айтты.
«Ассамблея жастардың идеологиялық тәрбиесін айрықша назарда ұстайды. Бұл – болашақта не боларын болжап білу мүмкін емес, қазіргідей алмағайып әлемде аса маңызды мәселе. Ассамблея этносаралық коммуникация орталықтарын дамытумен және осындай жаңа орталықтар ашумен айналысады. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдап, еріктілерді және жергілікті бірлестіктерді ынталандырумен шұғылданады», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқталғанын еске салды.
«Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент оған ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлығы атсалысуы керектігін баса айтты.
«Ұлы істер шағын әрекеттерден басталады». Сол сияқты кішігірім әрекеттер ауқымды өзгерістерге жол ашады. Әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы жақсарса, тұтас қоғам жақсарады. Мақсат-мұраты биік болса, елдің рухы да биік болады. «Адал азамат» болу аса маңызды. Бір сөзбен айтсақ, келеңсіз үрдістерден жай ғана жирену жеткіліксіз. Оны жоюға да белсене атсалысу керек», – деді Мемлекет басшысы.