Облысымызда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына сәйкес өзендер мен көлдердің айналасын тазарту мақсатында «Мөлдір бұлақ» апталығы Есік көлінен бастау алды. Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік көліне атбасын бұрып, аталған акцияға қатысты. Сондай-ақ өңірдің туристік әлеуетін арттыратын әрі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін инвестициялық жобалармен танысты.
Ең алымен облыс басшысы «Мөлдір бұлақ» апталығына қатысқан барлық өңір жұртшылығын құттықтады. Аталған апталықтың еліміздегі табиғаты ең көркем, 100 мыңнан астам тұрғын су ішетін Есік көлінен басталуының өзіндік мәнге ие екенін жеткізді.
Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев бастаған өзен-көл аумақтарының жағдайын жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы «Мөлдір бұлақ» апталығына аудан тұрғындары, белсенді жастар, еріктілер және мемлекеттік органдардың өкілдерін қамтыған 300-ге жуық адам қатысты. Акцияға атсалысқандар бояу мен әкті қолдарына алып, ескірген орындар мен қоршауларды жаңалады. Көл маңын аралап, қалдықтарды жиыстырып, шыққан қоқысты жүк көлігіне тиеді. Ал облыс әкімі бастаған топ көл жағасындағы көлік тұрағына көшеттер екті. Сонымен қоса, Марат Елеусізұлы сала мамандарымен бірге Есік көлінің нақты жағдайымен танысты. Мұндағы мақсат – стратегиялық маңызы бар нысанның жұмысымен танысу әрі мұндағы қордаланған мәселені шешу жолын қарастыру. Аудан әкімі Талғат Байеділовтің сөзінше, Есік көлі аудан орталығы мен оған жақын орналасқан елді мекендерде тұратын 100 мыңнан астам тұрғынды сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 5500 гектар егістік алқабы тіршілік нәрін осы көлден алады. Қазіргі таңда суды тоқтататын құрылғылар ескіріп, жаңартуды қажет етеді. Сонымен қоса, көл айдынына құм мен батпақ шөгінділері тола бастаған. Сол үшін көл айдынына тазарту жұмыстарын жүргізу керек. Облыс әкімі бұл мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.
Есік көлі өткен жылы сенімгерлік басқарудан мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. 1963 жылғы 7 шілдеде болған жойқын тасқыннан кейін бұл жерде селден қорғайтын бөгеттер салынып, Есік көлі демалыс аймағы емес, селден қорғайтын бөгет қызметін атқарды. Дегенмен, табиғатты тамашалауға мұнда ел ішіндегі алыс-жақын қалалардан ғана емес, шетелден де ағылып жатқан адамдар көп. Осы орайда олардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін тиісті инфрақұрылымның қажет екені сөзсіз. Әрі көл мен табиғатқа деген елдің үлкен қызығушылығын жоғалтып алмай, бұл сұранысты туризмді дамытуға пайдалану керек-ақ. Бұл қадам өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, аудан экономикасының өркендеуіне оң әсерін тигізетіні анық. Еңбекшіқазақ ауданында тау туризмін дамыту үшін зор мүмкіндіктер бар. Осыған орай, отандық кәсіпкерлер облыс басшысына Есік көлінің аумағында биодәретханаларды, жеке гигиена бөлімшелерін, шағын дәмханаларды, телефон және интернет желілерін іске қосатын жаңа жобаны таныстырды. Бұл жоба Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің экологиясына еш кері әсер етпейтін мүмкіндіктер аясында жасалмақ.
– «Таза Қазақстан» республикалық акциясының мақсаты – экологиялық мәдениет қалыптастыру екені анық. Бүгінде қоқыстың шектен тыс көбеюі – Алматы облысына қарасты барлық аудандағы күн тәртібінен түспейтін өткір мәселе. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, игілікке жарату жобалары жасалып жатқанын жоққа шығармаймыз. Дегенмен олардың саны саусақпен санарлықтай ғана. Есік көлінде өткен «Мөлдір бұлақ» апталығында өңірдегі экологиялық мәселердің оң шешім табуына мүмкіндік беретін тағы бір инвестициалық жоба таныстырылды. Шетелдік инвесторлар Ақбастау ауылына тұрмыстық қалдықтар қабылдайтын орын, ал Шелек ауылында аталған қалдықтарды өңдейтін зауыт салуға ниетті екендіктерін жеткізді. Олар кез келген қалдық түрін қайта өңдеп, одан түрлі тұрмыстық тұтыну бұйымдарын өндіретінін айтты. Шетелдік инвесторлар бұл жобаға 22,5 миллиард теңге қаржы салмақ. Аталған жоба іске қосылса 600-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып, күніне 1000 тонна тұрмыстық қатты қалдық қайта өңделмек. Алайда бұл жобалар әдбен пысықталғаннан кейін ғана жүзеге асады. Қазіргі басты мақсат – Есік көлінің экологиялық жағдайына баса мән беру. Ол үшін біраз мәселе шешімін табуы тиіс. Көл жағдайы жақсарғаннан кейін ғана туристік бағыттағы жобаларды қолға аламыз, – деді облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы 11 мамырға дейін жалғасады. Облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметовтың айтуына қарағанда, аталған экологиялық акцияға 500 мыңға жуық адам қатысып, 100 мың түп шамасында ағаш егілген.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы