ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 27 қазандағы № 949 қаулысымен Байланыс саласындағы «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы бекітілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз жиынын өткізген Алматы облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы Тұран Талғатұлының айтуынша, жоба ауылдарды талшықты-оптикалық байланыс арқылы интернетке қосу мақсатында дайындалған. Жоба бойынша 2027 жылға дейін 98 ауылды кең жолақты интернетке қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, «Кең жолақты қолжетімділік қызметтерін ұсыну үшін ғарыштық байланыс жүйесінің ресурстарын пайдалана отырып, халық аз қоныстанған ауылдарда спутниктік арналарды ұйымдастыру» жобасы бойынша 8 ауылды интернетпен қамту жұмыстары жүргізілуде.
«Облыс халқын жылдамдығы жоғары интернетпен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-мен шағын байланыс операторларына электр беру желілерінің тіректерін өтеусіз орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 27 шағын байланыс операторлары облыстың 134 елді мекенінде талшықты-оптикалық байланыс желісі технологиясына негізделген жоғары жылдамдықты интернет жүргізу жұмыстарын атқарып жатыр», – дейді Тұран Талғатұлы.
«Қолжетімді интернет» жобасынан ауыл мектептері де тыс қалмақ емес. Мәселен, былтырғы жылы спутниктік технологияға негізделген жоғары жылдамдықты интернетке қосудың пилоттық жобасы шеңберінде облысымыздың шалғай елді мекендерінде орналасқан 8 мектеп Starlink жүйесінің жылдамдығы 200 Мбит/с-ке дейін жететін интернетіне қосылды. Ал, биыл тағы 65 білім ошағын интернетпен қамту көзделген.
Шалғай ауылдармен қоса демалыс орындарында да интернет қол жетімді болмақ. Оған дәлел, Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасы мен «Freedom Telecom» ЖШС жасасқан меморандум негізінде Қонаев қаласының қалалық жағажайы мен паркіне тегін Wi-Fi нүктелерімен қамтамасыз еткен еді.