Жаздың бірінші күні – балалар үшін үлкен қуаныш. Оқуды ойдағыдай аяқтап, үш ай демалыстың басын олар мерекемен бастайды. «Берсең, балаға бер» демекші, ұл-қыздарымыздың бақытын еселеп, Еңбекшіқазақ ауданында «Халықаралық балаларды қорғау күні» базарлық пен тосынсыйға толы болды.
Алдымен аудандағы барлық балабақша мен мектеп қабырғаларында «Әрқашан күн сөнбесін», «Көңілді балалық шақ» тақырыптарымен мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның аясында өткен спорттық сайыс пен өнер байқауларында балалар бағын сынап, түрлі сыйлық, дипломмен марапатталды.
62 мектеп пен техникалық-шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталықтарының жанынан жазғы алаңдар мен күндізгі лагерлер ашылды. Мұнда күнделікті әртүрлі тақырыпта қызықты ойындар, мастер-класс, пікірсайыс ұйымдастырылып, спорт түрлерінен жарыс, аспаздық пен қолөнер, сурет, туризм мен өлкетанудан арнайы бағдарламамен танымдық сабақтар өтеді. Балалардың жазғы уақытын тиімді пайдаланып, қарым-қабілетін шыңдауға таптырмас шешім екені рас. «Телефон мен теледидарға телмірмей, бірнәрсе үйренсін» деген ата-аналар күндізгі лагерьлерге ұл-қыздарын қуана әкелді.
Туған әке-шешесінен айырылып, отбасылық үлгідегі балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалар да мерекеде назардан тыс қалмады. Аудан әкімі Т.Байеділов осындай екі балалар үйі мен бір қабылдаушы отбасына арнайы барды. Ондағы тәрбиеленушілердің хал-жағдайын біліп, өнерлерін тамашалап, тәттілер мен сыйлықтар табыстады.
Сонымен қатар Есік қаласындағы жастар саябағында балаларға арналған үлкен мерекелік іс-шара өтті. Балаларға тегін балмұздақ таратылып, аниматорлар кішкентайлардың көңілін көтерді. Балалар сурет салып, би биледі. Саябақ мейрамға орай безендіріліп, аудандағы техникалық-шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталықтарының көрмелері ұйымдастырылды. Оқушылардың салған суреттері, жасаған қолөнер туындылары, әр салада ашқан жаңалықтары мен робототехника жетістіктері жиылған жұртқа таныстырылды. Аймақ басшысы балаларды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Концерттік бағдарламадан бөлек, мерекеге жиналған балалар ғана емес, үлкендерді де балаша қуантып, керемет көңіл күй сыйлаған – аудандық өрт сөндірушілердің сыйы болды. Құтқарушылар балаларға арнап үлкен фонтан жасады. Аспанға атқылап, жерге жаңбырша құйған судың астында шаттанып жүгірген жандар қай жасқа келсек те, іштей бейкүнә бала екенімізді көрсеткендей болды. Осылай бейқам балалықтың бір күні әдемі, әрі әсерлі эмоцияға толды.
Құралай Мұратқызы,
Еңбекшіқазақ ауданы