Әр азамат өз мемлекетінің рәміздерін мақтан тұтады. Алайда Мемлекеттік Гимннің, Тудың, Елтаңбаның асқақтағанын көріп, шынымен сезінетін байрақты бәсекеде, халықаралық байқауда өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілген спортшылар, әнші-өнерпаздар сияқты бірқатар санаулы саланың ғана өкілі десек, артық айтқандық бола қоймас.
Сондай додаларға жанкүйер болып, тақымын қысып, белбеуін мойнына асып, жаны ширыға қолдау білдіріп тұратын бұқараның ішінде де рәміздеріміздің биікте желбіреп, мемлекет абыройының асқақтағанына масайрап, өзі жеңгендей болып қуанатындар бар. Ал енді күнделікті өмірде Гимніміз бен Туымыз үшін жаны шырқырайтындар бар ма, болса қанша? Мұны қалай білуге, көз жеткізуге болады? Әлде жалпақ жұртшылық күнделікті күйкі тірліктің соңында шапқылап жүріп, мұндай маңызды жайттарды ысырып қоя салып жүр ме? Тіпті кейбір өңірлердегі мекемелердің бас ғимаратындағы Тулардың тозығы жетіп тұрғанын ондағы қызметкерлердің аңғармай қалып жататын сәті болады. Әрине, жаппай емес, әйтсе де осындай келеңсіздіктердің кездесіп қалатыны жасырын да емес, ойлантпай да қоймайды.
Осынау атаулы күні жер-жерде мерекелік шаралар ұйымдастырылып, халыққа, қоғам мен мемлекетке сіңірген еңбектері еленіп, бірқатар адам марапатталып жататыны да рас. Мемлекеттік мереке қатарына жатса да, Рәміздер күні көбіне елеусіз ғана аталатыны көңілге көлеңке түсіреді. Қате қай жерден кетіп отыр? Наурыз мерекесі, Халықаралық әйелдер күні, Жаңа жыл, Жеңіс күні, Құрбан айт, Халықтар бірлігі күні сияқты мерекелер кең ауқымда, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтіледі. Ал Рәміздер күнін атап өту неге солғын сипатқа ие? Халықтың саяси сауаты кемшін бе, әлде патриоттық сезімі бәсең бе? Бәлкім, жүргізіліп отырған насихат нашар болар? Меніңше, насихаттық шараларды ұйымдастырып, өткізіп тұру жағы кемшін түсіп жатқан сияқты.
Елімізде жыл бойы «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» Заң талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады. Соған сәйкес, өңірлерде мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, қолдану мен насихаттау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жұмыстары әрі қарай жоспарлы жалғасын таба бермек.
Рәміздер – әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін айшықты белгілер. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді игі істерге ұйыстыра берсін! Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, Туымыздың мәртебесі биік болсын!
Бейбіт Мекеев