2022 жылы 8 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысының әкімшілік орталығын Талдықорғаннан Қонаев қаласына көшіру туралы Жарлығы күшіне енді. Осы атаулы күнге 2 жыл толуына орай Қонаев қаласында мерекелік шара өтті.
Тарихи күнге арналған шара «Алматы – Өскемен» күрежолының бойындағы сәулеті мен келбеті келісіп, қаланың көркіне көрік қосқан әскери техника музейінің ашылуымен басталды. Әскери техникалар тарихынан сыр шертетін мұражайдың пайдалануға берілуіне есімі елімізге ғана емес, шетелдерге де танымал кәсіпкер, әрдайым игі істерге демеушілік көрсетіп жүрген белгілі меценат, Қонаев қаласының Құрметті азаматы Мұратбек Сіргебаев ұйытқы болды. Оның аз уақыттың ішінде облысқа танымал болып, қала тұрғындары мен қонақтарының қызыға тамашалайтын «Тұлпар» ретро-салонының негізін қалағанын атап өткен жөн.
Салтанатты шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, облыстық Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдарға қатысушы ардагерлер одағының төрағасы Серік Сәрсембаев пен №32363 әскери бөлімінің командирі, гвардия полковнигі Бейбіт Аманғали ел игілігіне берілгелі тұрған жаңа ғимараттың лентасын қиды. Осы кезде халқымыздың қуаныш айғағы ретінде жасалатын дәстүріміз саналатын тәттілерден шашу шашылып, жиналған жұрт ырым қылып шашылған шашудан тала-тармаса теріп алып жатты. Содан соң алғашқы құттықтау сөз облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахымға берілді.
– Әскери мұражай – ұлт руханияты мен Қазақстан әскері айбынының көрінісі. Қонаев қаласында мемлекетіміздің қорғаныс жүйесінде ерекше маңызға ие көптеген әскери бөлімдер орналасқан. Сондықтан отандық қорғаныс саласы тарихының бір кезеңін қамтитын осындай мұражайдың ашылуы – заңды құбылыс. Мұның әскерімізде қолданыста болған техникамен танысуға мүмкіндік беріп, жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді нығайтуға үлес қосары анық. Мұражайдың облыс жұртшылығы мен қонақтарының игілігіне қызмет ететініне сенеміз, – деген Нұрлан Ерғалиұлы бұл жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен ҚР Қорғаныс министрлігі мен ғимаратты өз қаражатына салып, есігінің айқара ашылуына мұрындық болған Мұратбек Амантайұлына жүрекжарды алғысын білдірді.
Келесі кезекте сөз алған облыстық Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдарға қатысушы ардагерлер одағының төрағасы Серік Сәрсембаев әскери техника мұражайының ашылуы бейжай қарайтын нәрсе емес екеніне жиналғандардың назарын аударды.
– Біз – осында тұрған әр техниканың сырын меңгеріп, оны соғыс кезінде шебер қолданған отан қорғаушылардың ұрпағымыз. Мұражайға келушілер техникамен ғана танысып қоймайды, келешек ұрпағының бейбіт өмір сүруі үшін майданда ерлігімен танылған батыр бабаларымыздың қайрат-жігерін бойына сіңіріп, еліне деген сүйіспеншілігі артады, – деді ардагерлер одағының төрағасы. Сондай-ақ жобаның бастамашысы болған десанттық шабуылдаушы әскерлерінің генерал-майоры Алмаз Жұмакеев екенін ерекше атап өтті. Осындай сәтте толқынысын жасыра алмаған ол бұл бастамаға қолдау көрсеткен әрбір жанға риясыз алғыс айтып, әкімдік пен әскери бөлім өкілдеріне сый-сияпат тарту етті. Содан кейін «Қуанышты бөліссе көбейеді» деген аталы сөзге сүйеніп, алыс-жақыннан арнайы келген қонақтар ел игілігіне беріліп жатқан жаңа мұражайдың тұсаукесеріне құтты болсын айтып, ақжарма тілектердің тиегін ағытты.
Салтанатты рәсімнің ресми бөлімі мәресіне жетіп, жиналған қауым мұражайға саяхат жасады. Аумағы 1 мың шаршы метрді құрайтын мұражайда 23 әскери техника топтастырылған. Олардың қатарында брондалған арнайы техника, әскери мотоциклдер мен артиллериялық қондырғылар бар. Бұдан бөлек әскери өмірдің бейнесін көрсететін түрлі жәдігерлер қойылған. Әрбір жәдігерге қараған сайын бүгінгі бейбіт өмірдің қаншама еңбек пен жанкештіліктің арқасында орнағанын сезесің. Қаздай тізілген техникалар жарқын болашақ үшін қан майданда аянбай күрескен майдангерлер мен сол жолда жандарын пида еткен боздақтардың ерлік істерінен хабар беріп, тарих қойнауында тасада қалған талай жанның тағдырын баяндап тұрғандай әсерге бөлейді.
Алдағы уақытта мұражайда оқушылар мен студенттерге арналған танымдық бағдарламалар мен сабақтар ұйымдастырылмақ. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары тақырыптық көрмелерді тамашалап, ардагерлермен кездесулер өткізуге мүмкіндік алады.
Мерекелік шара одан әрі қалалық Мәдениет үйінде өз жалғасын тапты. Мәдениет үйінің дәлізінде мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхамед Қонаевтың мұражайынан әкелінген жәдігерлер қойылған көшпелі көрме ұйымдастырылды. Көрмеге ұлы тұлғаның көзі тірісінде киген киімдері, аңшылық үрмелі аспабы, тетральды дүрбісі, жеке жұмыс бөлмесіндегі телефоны, радиоқабылдағышы, қалта сағаты, төсбелгілері және тағы басқа ұстап-тұтқан заттары қойылған.
Мәдениет үйінің көрермендер залындағы салтанатты жиында бас қосқан жұртшылық алдымен қаланың өткенінен сыр шертіп, бүгінгіні бейнелейтін және болашағынан хабар беретін бейнебаянды тамашалағаннан кейін мінберге көтерілген қала әкімі Асхат Бердіханов жиналған қауымды тарихи маңызы зор атаулы күнмен құттықтады.
– 2022 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен облыс орталығы мәртебесін иеленіп, жаңа кейіпке енген қала өзінің туристік келбетімен, әсем табиғатымен танылуда. Бүгінде қалада 70 мыңнан астам халық, 17 этнос өкілі тұрады. Биыл әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 85 пәтер беру жоспарланған. Жеке инвесторлар тарапынан 25 тұрғын үй бой көтеріп, несиелік бағдарлама арқылы қолданысқа берілуде. Алдағы уақытта қосымша 32 үйдің құрылысын бастау жоспарда тұр. Бюджет есебінен биылғы жылы 5-қалалық жағажай абаттандырылып, 8-жағажайдың абаттандыру жұмысы инвестициялық жоба ретінде жүзеге аспақ. Қонаев қаласының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес, жалпы 187 іс-шара бекітілген. Олардың басымы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған, – деді қала әкімі.
Сахна төрінде Асхат Ермекұлы Д. Қонаев атындағы қоғамдық-қайырымдылық «Сауап» қорының президенті, Балқаш ауданында заңғар тұлғаның мүсінін жасаған Дәулет Әбеновке, ардагер журналист, қазақ журналистикасының қайраткері Зарыққан Есілбаевқа, спорт ардагері Қанат Жақыповқа, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Нұрлан Қалилаевқа, қалалық аналар кеңесінің төрағасы Дәметкен Нүсіпбековаға, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшісі білікті спорт маманы Елена Карелинаға, Шеңгелді ауылдық әйелдер кеңесінің төрағасы Гүлзара Досмұхамбековаға «Қонаев қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісін табыстады. Сонымен бірге қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапаттады.
Марапатқа ие болғандардың атынан сөз алған Дәулет Әбенов өзі жетекшілік ететін Д. Қонаев атындағы «Сауап» қоры тарапынан жүзеге асырылып жатқан игі істерге тоқталып, баршаны қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосуға шақырды. Содан соң ардагер журналист Владимир Таран сахнаға шығып, өзінің қала тарихы жайлы жазылған бірнеше кітабын шаһар басшысына тарту етті.
Мерекелік шара қаланың орталық алаңында Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен өткен «ASPAN FEST» фестивалімен қорытындыланды. Онда «Музарт» тобы, «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, Әбдіжаппар Әлқожа, Серік Ибрагимов, Еркеш Хасен және басқа да халықтың ерекше ықыласына бөленген әншілер өнер көрсетті. Алаңға 12 мыңнан аса адам жиналды. Бұл фестиваль әр сенбі сайын тұрғындарды ерекше әсерге бөлеп, жаз бойы жалғасатын болады.
Гүлзат Байқонысова,
Қонаев қаласы