Биыл Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев бастаған Нарынқол ауылының тұрғындары, алыс-жақыннан келген қадірменді қонақтар, ауылдық округтерден келген ақ баталы қариялар, әз аналар Наурыз мерекесін аудандық спорттық-сауықтыру кешенінің алдында атап өтті.
– Қадірменді халайық!
Сіздерді Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүрегіммен қуана құттықтаймын! Көктем мен жаңарудың, ырыс пен ынтымақтың мерекесі – Наурыз құтты болсын! Шын мәнінде көптен күткен күніміз келді. Қатал қыстың ызғары алыстады. Қалың қардың көбесі сөгіліп, қырат-қырлардың жүзі жарқырады. Күн менен түніміз теңелді. Ежелден ақ тілеулі халқымыз бір-біріне «Наурыздан наурызға аман-есен жетейік!», – деп тілек тілеген екен. Сол күнге жеттік. Жасымызға жас қосылып жатыр. Бау-бақшамыз жыл құстарының әсем әуендеріне тола түсті. Бұдан өткен үлкен қуаныш жоқ. Көптен күткен Ұлыстың ұлы күні – дәл бүгіннен бастап Қоян жылы басталды. Дәл осы ұлық мерекенің қарсаңында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлауын ел-жұртымыз болып ұйымшылдықпен өткіздік. Бұл ежелден келе жатқан сүттей ұйыған береке-бірлігіміздің жемісі деп бағалаймын, – деді алғашқы сөздің басын бастаған аудан әкімі Берік Фатықұлы.
Бұдан кейін аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ардагер спортшы Бекболат Бірбаев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Балжан Омарова сөз алып, Ұлыстың ұлы күнімен жиналған көпшілікті құттықтады. Бар жақсылықты тіледі. Осы күні аудандық мәдениет үйінің ұжымы бастаған ауданның өнерпаздары тамаша концерттік бағдарламаларын ұсынды. Райымбек ауданының әкімдігі бастаған барлық мекемелер, бөлімдер, басқармалар Ұлыстың Ұлы күніне орай наурыз көжемен, қыстан сақталған сыбағалы үлкен аспен дайындалған неше түрлі дәміне толы ақ дастархандарын алға тартты. Осы күні түрлі спорттық жарыстар өрнектеліп жатты.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы