Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігінде өткен жиналыста су басудың алдын алу үшін жүргізіліп жатқан жұмыс жайы баяндалды деп хабарлады Alatau News сайты.
«Төтенше жағдайларды жою жөнінде жоспар бекітіліп, шұғыл әрекет ететін топ құрылды. Оның құрамында 130 адам, 36 техника бар», – деді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас инженері Жаңабек Бақытжанұлы.
Оның мәліметінше, Есік, Түрген, Қайназар, Өрікті, Рахат және Шелек өзендерінде тоғыз мыңнан астмм адам күнделікті кезекшілік жасап жатыр.
«Аудандағы ең ірі су қоймасы – «Бартоғай». Қазіргі таңда қоймадағы су көлемі – 265 млн текше метр, секундына 14,2 текше метр қар суы ағып келіп жатыр. Ал Есік көлінде 1,7 млн. текше метр су жиналған. Мұнда секундына 29,0 текше метр су келіп жатыр», – деді маман.
Сондай-ақ ТЖБ маманы су тасқынына дайындық мақсатында аудан аумағынан 5,5 мың текше метр қар шығарылғанын айтты.
«Өңірде 89 км арық, 87 км канал, 51 км су өткізу құбырлары тазартылды. 5000 мың дана құм толтырылған қаптар, 14 мотопомпа, 4 тонна дизель, 4 тонна бензин және 232 тонна инертті материалдар дайындалды. Бұдан бөлек, ауылдардағы арықтар мен шағын каналдар, өзендер түгелдей тазартылды», – деді Жанабек Бақытжанұлы.
«Аудан аумағындағы гидрометеорологиялық жағдай туралы «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің 4 гидробекеті мен 1 диспетчерлік пункті күнделікті мониторинг жүргізеді. Барлық гидропосттармен байланыс үздіксіз. Тұрғындармен түсіндірме жүргізіліп, 6000-ға жуық жадынамалар таратылды», – деді Аян Ыдырысов.
Айта кетейік, ауданда су тасқыны қаупі бар 14 аймақ бар. Мұнда үлкенді-кішілі 57 су қоймасы, плотиналар, су тораптары және тоғандар орналасқан.
«Қазгидромет» мекемесі бұған дейін 12-14 наурыз аралығында Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласы маңындағы өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін екенін ескерткен.