Ұзынағаш ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің ғимаратында орналасқан №263 сайлау учаскесінде саяси науқан жүріп жатыр. Мұнда 2438 сайлаушы тіркелген. Он екі адам денсаулық жағдайына байланысты үйден дауыс береді.
Халық саяси науқанға ертелетіп келіп, өз дауыстарын беріп жатыр. Аталған сайлау комиссиясының төрағасы Жанат Серікпаевтың айтуынша, дауыс беру тәртібі заңға сәйкес жүргізілуде. Бірнеше адамнан құралған комиссия мүшелері таң атпастан осында. Оларға тиісті бюллетендер бөліп беріліп, жұмысқа сақадай сай дайын тұрған. Сағат жетіде еліміздің әнұраны орындалып, ауыл ақсақалы бата бергеннен кейін комиссия өзінің тиісті жұмысын бастаған.
Азаматтардың дауыс беру үрдісін мұнда әр түрлі партиялардың бақылаушылары қадағалап отыр. Ал сыртта қолдарында қағазы бар екі адам дауыс беруге келгендерге сұрақ қойып жүргенін байқадық. Оларды сөзге тартқанымызда өздерінің аты-жөндерін газет бетінде көрсетуге болмайтынын айтты. «Экзитполданбыз, адамдардың жасы мен қай партияға дауыс беріп шыққандарын ғана сұраймыз», деп жауап берді. Айтуларынша, күні бойы осында тұрып, келушілердің есебін жүргізбекші.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы