Ұлыстың Ұлы күні шын мәнінде Жер-Ана төсіне мөлдірете шуағын төгіп тұрды. Аспанда шөкім бұлт жоқ. Бау-бақшалардан жыл құстарының тамаша әні естіледі. Алыстағы тауларға қонақтаған ақша бұлттарға қызыға қарайсың. Кеген ауданының орталығы Ұлыстың ұлы күнімен бірге гүлденіп, түрленіп кеткендей. Мерекелік алаңға қарай бет алған жұрттың жүзі жайдары, бір-бірімен төс қағыстыра амандасып, ақжарма тілектерін айтып жатқан ағайынды көресің. Бүгін шынымен жүрек түбінде бұғынып жатқан өкпе-реніш те ұмытылып сала берері анық.
Аудандық мәдениет үйінің, мерекелік алаңның алдындағы кең көшеге жағалай тігілген қазақ үйлердің бәрі наурыз мерекесінің нақышымен безендірілген. Аудан әкімдігінің, ветеринария пункттері бар Кеген аудандық ветеринария станциясының, аудандық білім бөдімінің, Кеген ауылы әкімдігінің, «Балауса» бөбекжай балалар бақшасының, аудан орталығындағы үш мектептің тіккен киіз үйлері көрнекілігімен, ас мәзірімен көз тартады.
Нұрмаман Оқас бастаған аудандық мәдениет үйінің ұжымы Ұлыстың ұлы күніне орай тамаша бағдарламасын әзірлепті. Ақ боз атқа мінген Қызыр атамыз ел-жұртқа ақ батасын берді. Наурыз тойына шашу шашылды. Аудан әкімі Талғат Байеділов, аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнеева, аудандағы білім саласы кәсіподағы филиалының төрағасы Көпжасар Нұрлыбай, Ө. Жаңабаев атындағы орта мектептің оқушысы Айым Болатхан көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Мерекеде арнайы үй тігіп, оны Ұлыстың ұлы күнінене орай жабдықтаған Ө. Жаңабаев атындағы орта мектеп, Кеген ауылының әкімдігі, аудандық кәсіпкерлік бөлім бастаған мекемелер арнайы дипломмен, қаржылай сыйлықпен марапатталды. Үздік киіз үй тіккен ветеринария пункттері бар Кеген аудандық ветеринария станциясының ұжымы 1-орынды, аудандық білім бөлімі 2-орынды иеленіп, лайықты сый-құрметке бөленді.
Наурыз тойы ұлттық ойындарға ұласты.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы