Қаржы министрлігі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асырудың негізгі ережелерін дайындады.
Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы жыл сайын 18 жасқа дейінгі балалар арасында бөлінеді. 18 жасқа дейінгі баланың шотында жинақталатын қаражат шамамен 3,5 мың АҚШ долларын құрауы мүмкін.
«Тиісті есепшот «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында» Әділет министрлігінің жеке тұлғалар дерекқоры негізінде автоматты түрде ашылады. Жыл сайын қаңтар айында жобаға қатысқан сәттен бастап 18 жасқа толғанға дейін қордағы балалардың шоттарында шартты түрде қаражат есептеледі. Мысалы, егер бала жоба басталған кезде 5 жаста болса, оған жыл сайын 13 жыл ішінде, яғни кәмелетке толғанға дейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі бөлінеді», – делінген Қаржы министрлігі мәліметінде.
Жобаға Қазақстан азаматтары ғана қатысады. Егер 18 жасқа толғанға дейін елден кетіп, Қазақстан азаматтығын өзгертсе, онда төлем ала алмайды. Қаражат басқа балаларға бөліп беріледі. Бала 18 жасқа дейін елден кетсе, бірақ азаматтығын ауыстырмаса аталған төлемдерді ала алады.
Сонымен қатар шоттағы қаражатқа салық салынбайды. Іс жүзінде 18 жасқа толғанға дейін ақша Ұлттық қорда қалып, инвестиция ретінде игеріледі.
«18 жасқа толған кезде қаражат баланың меншігі болады, ол қаражатты қалай пайдалану керек екенін өз еркімен шешуі керек (білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға). Бұл ретте шетелдік ЖОО-да оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалануға шектеу болмайды. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу үшін қаражатты Қазақстан аумағында ғана пайдалануға рұқсат етіледі», – делінген министрлік хабарламасында.
Бұдан бөлек, азаматтық заңнамаға сәйкес, іс жүзінде жинақталған қаражатты мұрагерлік бойынша беру мүмкіндігі ескерілген.
Бұл ұсынылған ережелерді іске қосу үшін биыл заңға және тиісті нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізу жоспарланып отыр.