Облыстық әкімдікте бүгін Қонаев қаласы көшелері мен ғимараттарын безендірудің бірыңғай дизайн-кодын әзірлеу бойынша жобалар таныстырылымының бірінші кезеңі өтті. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов ашып, болашақтағы қала келбетін талқылау мақсатында арнайы мәслихат депутаттарымен бас қосып отырғанын жеткізді.
Алғашқы болып жоба таныстырылымын жасаған «Almaty region master plan» ЖШС директоры Арсений Пирожков бірыңғай сәулет стилінің параметрлері «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңда жазылғанын атап өтті. Дизайн кодының басты мақсаты – осы өңірдің ерекшелігін айқындай отырып, қала тұрғындары үшін жайлы орта қалыптастыру екеніне тоқталды. Осы орайда үйлердің қасбеттерін көркемдеп, алаңдарды абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолын жасау, велосипед жолдарын ерекше түске бояу, қаланы жарықтандыру мен жасылдандыруға қатысты өз ойларымен бөлісті.
Келесі кезекте «АрхбюроTAL» ЖШС директоры Назерке Мұндаханова қаланы дамыту жобасымен таныстырды. Ол өзінің презентациясында қаланың болашақ аркасының эскиздерін көрсетті. Баяндама барысында спикер дизайн-код қалаға біртұтас көрініс беру үшін қажет екенін айтты. Оны жасауда қаланың өзіндік ерекшеліктерін ескергенін тілге тиек етті. Қала келбетін қалыптастыруда үйлерден бөлек дүкен, кафе, сауда орындары сынды нысандарды да ескеру қажеттігін, алайда бұл ретте «Жарнама туралы» Заңға да басымдық беру керегін айта кетті.
Жиын барысында сөз алған облыстық мәслихат депутаты Ерік Абитов қала келбетін қалыптастыруда Қонаев қаласының жасыл энергетикамен ерекшеленетініне баса назар аудару керектігін жеткізді.
Кездесуге қатысушылар бірқатар ұсыныс жасады. Облыстық мәслихат депутаты Лаззат Тұрлашов ғимараттардың қасбеттерін ашық түстермен бояй отырып, қаланы жарқыратып көрсетуге баса назар аударылса деген ұсыныс білдірді. Ол сондай-ақ жобада су бұрқақтары мен автотұрақтардың қамтылмай қалғанын, осы мәселеге мән беру қажет екенін айтты.
Тұсаукесер соңында Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев шаһарда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
– Қазіргі уақытта қалада 107 үй салу жоспарланып отыр. Оның 6-уының құрылысы басталып кетті. Сонымен қатар, 900 орынды мектеп құрылысы жүргізілуде. Айта кету керек, жыл сайын біздің қала жағажайларына туристер келеді, сондықтан оған қазір толық дайындық жүріп жатыр. Бүкіл жағажайда 5,3 шақырым велосипед жолын салу жоспарланып отыр. Бұл жұмыс 8 жағажайда басталды, – деді ол.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов алғашқы жоба таныстырылымы болғандықтан кем-кетігі болуы заңдылық екенін еске салып, сәулетшілерге жобаны тағы толықтырып, зерделей түсуді тапсырды.
Алма ЕСЕНБАЙ
Қонаев қаласы