Бүгінгі таңда тез дайындалатын кеспелердің танымалдылығы артқан. Ересектер мен балалар да тіл үйірген тағамның дәміне ерекше қызығады. Осы орайда еліміздегі ең танымал «Роллтон», «Бигбон» кеспелерін дайындайтын кәсіпорын – Mareven Food Tien Shan-ның қызметі қарқын алып, жұмысы жоғары бағаланып жүр. Әлемдік бренд ретінде өзіндік дәмімен дүниежүзін тәнті еткен тағам түрін өндіруші Қазақстанда 2018 жылы ашылып, Алматы облысында іргетасын қалады. Екпіні ерекше, заманауи, жаңа технологиялы зауыттың Қапшағай тас жолы бойынан салынуы өңіріміздің өркендеуіне де өзгеше серпін беріп, жергілікті жұртшылықтың қуанышын арттырды. Кәсіпорын маңайындағы ауылдардан зауытқа қызметкерлер қабылданып, жүйелі жұмыс жолға қойылғалы биыл – 5 жыл. Аталмыш уақытта айтарлықтай жетістікке жетіп, өнім сапасымен өзгеше болған Mareven Food Tien Shan ендігі бизнес бағытын өзгертіп, ауқымын кеңейтуде.
Тез дайындалатын тағам түрі ең алғаш 65 жыл бұрын Жапонияда пайда болған. Кейіннен 1998 жылы алғашқы жұмысын бастаған кәсіпорын –Mareven Food Tien Shan – Mareven Food Holdings вьетнамдық-жапондық холдингінің бөлігі, Орталық Азиядағы тез дайындалатын кеспенің жетекші өндірушісі. Ал Қазақстандағы кәсіпорынның жұмысы басталғанына 5 жыл толуына орай зауыт өкілдері арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, республикалық, облыстық БАҚ өкілдерін табыс пен жетістікке толы жылдар аясындағы жұмыс жайымен таныстырды. Тілшілер қауымы кәсіпорынды аралау барысында зауыттың қарқынды жұмысына куә болып, ондағы қызу қызметке көз жеткізді. Өндіріс цехтарын аралап, кеспенің дайындалу барысымен танысып, дайын өнім қоймасына тәнті болды. Кәсіпорын ішіндегі мінсіз тазалық та тамсандырмай қоймайды. Қауіпсіздік шаралары мен өзге де талаптар қатаң сақталған. Бүгінгі таңда 600 миллион бірлікке дейін өнім шығаратын көрсеткіш бастапқы межеден екі есеге артқан. Алғашында бар- жоғы екі желі іске қосылса бүгінгі таңда тоғыз желінің жұмысы жолға қойылған. Оның ішінде төртеуі тәулік бойы тынбай өнім шығаруда.
Айрықша айтарлығы, қазіргі уақытта сусын өндіру де жолға қойылып, барлығына бала күннен дәмі таныс лимонадтар мен энергетикалық сусындар да шығарылады. Зауыт қызметкерлерінің үздіксіз еңбегіне тәнті болған тілшілер арнайы зертханаға да бас сұғып, өнім тазалығына бағытталған жұмыс барысын байқады. Артынша баспасөз отырысында зауыттың кейінгі уақыттағы жаңалықтары, 5 жылдағы өзгерістер мен белестері тізіп айтылды. Алдағы жүйелі жоспарлар жайы жеткізіліп, ұмтылыс межесі мәлім болды. Алғашқы болып сөз алған Mareven Food Tien Shan-ның бас директоры Бернард Вавржин қазіргі таңда кәсіпорынның қарқынды дамып жатқанын айтып өтті. Ол өз сөзінде:
– Қазақстанда зауыттың ашылуы кәсіпорынның ұстанымын нығайтты. Біз тек жергілікті нарықты ғана емес, бүкіл Орта Азияны, Ауғанстан мен Монғолияны өз өнімдерімізбен қамтимыз. Ендігі уақытта Қазақстанның ішкі нарығына баса назар аударуды жоспарлап отырмыз. Бір-екі көрші елге қызмет көрсету үшін экспорттық құрамдас бөлікті біртіндеп 30 пайызға дейін төмендетеміз. Осы ретте Өзбекстан нарығында Ташкенттен 80 шақырым жерде «Маревен Фуд Памир» атты жаңа еншілес кәсіпорынды іске қосуды қолға алып жатырмыз. Бұл Тәжікстанға, Түрікменстанға және басқа да елдерге тікелей жеткізуді жолға қою арқылы аймақтағы тез дайындалатын кеспе өндірісінде көшбасшылық орнымызды сақтап қалуға мүмкіндік бермек. Дәл осындай еншілес өнеркәсіп кешенін болашақта Қонаев қаласының маңында салу жоспарымыз да бар, – деп кәсіпорынның алдағы жұмыс тынысынан да хабар берді.
Кәсіпорындағы жұмыс орнының саны үш есеге өсіп, 850-ден астам адам тұрақты еңбек етуде. Кәсіпорынды көшбасшылық деңгейге көтерген қызметкерлері екендігі айдан анық. Осы орайда зауыт басшылығы тарапынан да жұмысшыларға көп жағдай жасалып, оларға ерекше көңіл бөлінген. Қызметкерлердің көпшілігі жақын маңдағы елдімекендерде тұрады. Дегенмен, олардың жұмысқа қатынау жағы да ойластырылып, арнайы қоғамдық көлікпен тасымалдау жолға қойылған. Икемді жеңілдіктер жүйесі жұмысшылардың ұзақ та тұрақты қызмет етуіне орайластырылған. Жалақы көлемі де көңілдерінен шығады, сондай-ақ, балабақшаға немесе медициналық қызметтерге ақы төлеуді қызметкерлер өздері таңдай алады. Кәсіпорын салауатты өмір салтын ұнататындарға спортпен айналысуға да қаржы бөледі. Осының барлығы өндіріс қызметкерлері үшін жоғары ынталандыру екендігі анық.
Зауыттағы барлық саланың өз мамандары бар. Арнайы қызметкерлерді дайындайтын кәсіпорынның өз университеті техникалық мамандардың жетіспеушілігін жоюды жолға қойған. Ең қабілетті жұмысшыларды анықтау үшін білікті жаттықтырушылар түрлі тәжірибелік сабақтар өткізіп, қарапайым механиктен менеджерге дейін көтерілуіне жол ашады. Техникалық жоғары оқу орындарымен де ынымақтастық орнатқан Mareven Food Tien Shan-ның қызметкерлері жоғары білімді, өз ісін анық білетін мамандар. Кәсіпорын алдағы уақытта ішкі нарыққа көбірек көңіл бөліп, экспорттық бөлікті 30 пайызға дейін біртіндеп төмендетпек. Зауыттың соңғы төрт жылда еліміздегі көрсеткіші 76%-ға дейін өскен. Тез дайындалатын тағам түрін тұтынушылар Қазақстанның батысы мен оңтүстігінен көп байқалған. Mareven Food Tien Shan-ның бес жыл ішінде теңгедегі айналымы сегіз есе өсіп, 55 миллиард теңгеге жеткен. Mareven өнімдерінің тізімінде 10 түрлі тамақ пен әртүрлі санаттағы сусындар бар. Rollton, BIGBON, Petra, ROLROL, Actibo, Sunbel, Tempero брендтерімен ұсынылған 100-ден астам өнімнің сапасы да жоғары, өтімділігі де тез. Өткен жылдың соңында нарыққа Vita Bonita бренді танылып, қатты бидайдан жасалған макарон өнімдері тұтынушылар қолына жете бастады. Ал биылдан бастап Rollberry брендімен жылдам дайындалатын ботқалар жұртшылыққа жол тартты. Мұндағы сусындар желісі де жанданып, эстрагон, тропикалық лимонадтар және басқа да сергітетін сусындар көп сұранысқа ие болуда.
Mareven Food Tien Shan өзі шығаратын өнімдер желісін арттырып, тізімін көбейтуді, бренд белгісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Кәсіпорынның бес жылда шыққан белесіне қуанған тілшілер қауымы зауыт ауқымын арттырып, жаңа санаттарға жол бастаса, бұдан да көп жұмыс орындары ашылып, тұтынушылар қуанышы артарын айтып тарқасты.
Құралбек Сәбитов,
Қонаев қаласы