Қонаев қаласында Қазақстандағы алғашқы әуе шарлары фестивалі – «Мың бояулы аспан» халықаралық шарасы өтіп жатыр. 30 мыңнан астам адам жиналған фестивальде 30-дан астам аэростат көкке көтерілді.
Фестивальде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, мұндай ауқымды шара елімізде тұңғыш рет өтіп жатқанына тоқталды.
«Аталған іс-шараға 6 ай дайындалдық. Қазақстанда әуе шарлары фестивалі бұрын-соңды өткізілмегенін байқадық. Әлеуметтік желі қолданушылары комментарийлерде Қонаев тұрғанда Каппадокияға барудың жөні жоқ екенін жазып жатыр», – деді әкім Сұлтанғазиев. Оның сөзінше, фестивальді жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыру керек.
Марат Сұлтанғазиев іс-шараға құрылған туризм саласындағы алғашқы немесе соңғы шара емес екенін айтты. «Біз қаланың қолда бар мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Бұған дейін Tengri Ultra марафоны, Oceanman ашық суда жүзу жарысы сияқты айтулы шаралар өткіздік. Балқаш регатасына да көп адам қатысты. Біз жаңа идеяларды қуана қабылдаймыз және басқа да шараларды өткізуге дайынбыз», – деді облыс әкімі.
Халықаралық әуе шарлары фестивалі табиғатқа, табиғи ресурстарға жанашырлық танытуды насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Фестиваль аясында қоқысты іріктеп жинау, қайта өңдеу, экологиялық қайта өңделетін ыдыстар мен басқа да экоматериалдарды қолдану шаралары ұйымдастырылған.
SLED Production House компаниясының бас директоры әрі фестивальді ұйымдастырушылардың бірі Наталья Расторопнова әуе шарларының өз ерекшелігі мен оны ұшыруға қойылатын талаптары барын айтады. «Әуе шарларын электр желілері, ағаш сияқты кедергілері жоқ үлкен ашық кеңістікте ұшыру керек. Біз үшін қауіпсіздік бірінші орында, ал мұндай орындар қалалы жерлерде бола бермейді. Дегенмен, біз таңертең күн сәулесі арайлап атып, кешке қызарып бататын, көктен су қоймасы мен Қонаев қаласы алақандағыдай көрінетін жақсы орын таба алдық», – деді Наталья Расторопнова.
Фестивальде отандық және шетелдік әншілер, бишілер, цирк әртістері мен акустикалық топтар өнер көрсетіп жатыр. Шарлар фестивалі бүгін кешке концерттік бағдарламамен және отшашумен аяқталады.