Ерлік ешқашан жоспарланып жасалмаса керек-ті. Өткен жылы ғана бірнеше адамды өлімнен арашалап, өкінішке қарай, өзі қаза тапқан Асқар Забикулиннің, сегізінші қабаттан құлап бара жатқан қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаевтардың ерлігі әлі күнге ел есінен кеткен жоқ.
Олардың жүрегіндегі адам баласына деген махаббат, қайырымдылық, қала берді батылдық осындай ерлік істерге алып келді. Батырлық үлкен, кіші деп бөлінбесе керек. Сондықтан да, бүгінгі күні арамызда біз білмейтін батырлар өте көп. Олардың бірі жайлы халық естіп жатса, енді бірін біле бермейді.
10 шілде күні Ұйғыр ауданы Шарын ауылында оқыс оқиға болды. Кешкі сағат 20:30 шамасында Шарын ауылындағы Кебиров көшесінің тұрғыны Алижан Ысқақұлының балалары ауыл жанындағы каналдың бойында ойнап жүрген. Сол сәтте үйінен ауласына шыққан Талипжан Елямовқа көршісі Алижанның 5-6 жасар қызы жүгіріп келеді. Тек ештеңе айта алмайды. Жүзінде үрей. Тілі күрмеліп сөз де шығара алмайды. Баланың жүзіне қараған Талипжан балалардың біріне бірнәрсе болған шығар деген оймен каналға қарай жүгіреді. Үйінің іргесінен 200 метр жердегі каналға ентелей жеткенде ағып бара жатқан кішкентай баланы көреді. Канал бойымен жүгіріп, суға түсіп, 45-50 метр жер дегенде баланы қолына алып, сыртқа шығарады. Бүтін сол аумақтың халқы егістігін суғаратын канал суының ағысы да арынды еді. Десе де, күнде көріп жүретін, сол күні түсте ғана жүгіріп келіп, амандасқан кішкентай Әлинұр аман қалса екен деген ой ғана санасында тұрған Талипжан ешқандай қорқыныш сезімін сезінбегенін айтты бізге. «Өзімнің де сол Әлинұр құралпы төрт балам бар. Көршімнің күнде көз алдымда ойнап жүрген баласы. Оны көрген сәтте бәрін ұмытып, «құтқарып қалсам екен, балаға ештеңе болмаса екен» деген ой ғана болды. Қолыма алып, аман-есен екенін көргенде ғана ес жиғандай болдым», – дейді батыр азамат. Қараша айында үш жасқа енді толатын Әлинұрдың көрер жарығының бар болуына септігін тигізген Талипжанның кішкентай ғана ерлігі көпке үлгі болды.
2014 жылдан бастап Ұйғыр ауданы Шарын ауылдық округі әкімі аппаратында жұмыс істейтін Талипжан Тиляпжанұлы 1989 жылы осы ауылда дүниеге келген. Алматы қаласындағы Д.Қонаев атындағы университетті құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған азамат өз туған жеріне келіп еңбек етуді мақсат еткен. Отбасылы болып, зайыбы екеуі 4 баланы өмірге әкеліп, оларды тәрбиелеп, ел қатарлы тіршілік істеп жатқан жайлары бар. Қарапайымдылығы да болар, әу баста бұл оқиғаны өзі ешкімге де жар салмаған еді. Тек кішкентай Әлинұрдың атасы Ысқақ Тоқтанбетов ақсақал немересін ажалдан арашалап, құтқарып қалған жігіттің ерлік ісін әріптестеріне айтып, Талипжанның тиісінше мадақталуын сұрағанда ғана дос-жараны таңданысып жатты. Осыдан соң Талипжан Елямовтың батылдығы ел ішіне демде тарады.
Бүгінгі күні екі жасар Әлинұр ата-анасымен бірге. Балаларын құтқарған ата-ананың Талипжанға деген алғысы шексіз. Ақкөңіл, қарапайым жігіт бұл іске марапат алайын, мақтау естиін деп бармағаны анық. Десе де, көпке өнеге болар азаматтың ерлігі ескерусіз қалуы да дұрыс емес. Алдағы уақытта Талипжанның батылдығы бағасын өз деңгейінде аларына сенімдіміз.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы