Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен жедел кеңесте еліміздің кейбір өңірлеріндегі аптап ыстық пен жауын-шашынның аз түсуіне байланысты құрғақшылық пен мемлекеттік қолдаудың ықтимал шаралары талқыланды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл егілген 119 мың гектар көкөніс дақылдары алқабының 70%-ға жуығы жақсы, ал, 14,4%-ы немесе 24,5 мың гектары қанағаттанарлық жағдайда. Барлық дәнді дақылдардың 50,2 пайызы немесе 8,3 млн гектары жақсы жағдайда, ал 7,2 млн гектары, яғни, 43,7%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Майлы дақылдар сәл көбірек зардап шекті, жақсы жағдайдағылары 43,6% немесе 1,4 млн гектар, қанағаттанарлығы – 47,7% немесе 1,5 млн гектар.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, бүгінгі таңдағы басты міндет – егін жинау науқанына уақтылы дайындалу және мал азығын дер кезінде әзірлеу. «Әкімдіктердің жедел деректері бойынша, қазірдің өзінде 8 млн тоннаға жуық шөп дайындалды, бұл жоспардың 32%-ын құрайды. Өңірлерге 2023 жылы жем-шөп құнын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, Азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна астықтың жем-шөп қорын қалыптастырды. Қажет болған жағдайда бұл астық мал және құс шаруашылықтарына арзандатылған бағамен қолдау ретінде жіберіледі. Биылдан бастап алғаш рет жем-шөп жинау жұмыстарына жеңілдетілген бағамен дизель отынының қосымша көлемі бөлінеді», — Ербол Тасжүреков.
Ол 2022-2025 жылдарға арналған жем-шөп өндіру саласын дамыту жөніндегі жол картасының орындалу деңгейі төмен екенін атап өтті.
«Әкімдіктер ауыспалы егістегі жемшөп дақылдарының үлесін кеңейту бойынша, бірінші кезекте суармалы жерлерде, жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдаланбай отыр», — деді ол.
Жедел кеңесте қалыптан тыс аптап ыстықтың жағымсыз салдары басым Павлодар, Ақмола, Қарағанды және басқа да облыстардың әкімдері тыңдалды. Өңір басшылары өз салаларындағы ахуалды айтып, оны тұрақтандыру жөнінде ұсыныстар жасады.
Премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, биыл жем-шөп дайындау деңгейі өте төмен. «Жылдық жоспар 25 млн тонна болса, қазірге дейін оның бар болғаны 3/1-і немесе 8 млн тонна жиналды. Пішендеме дайындау бойынша жоспардың 12 пайызы, сабан дайындау бойынша 4,3 пайызы орындалды. Қыркүйек айында сабан, сүрлем және концентрлі жемді негізгі жинау жұмыстары басталатыны анық, ал қалғандары үшін бұл өте төмен көрсеткіш. Өңірлерде мал азығын дайындау қарқынын арттырып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жем-шөп бағасын тұрақты бақылауды тапсырамын. Сонымен қатар, кейбір аймақтардағы құрғақшылықтың ықтимал әсерін ескере отырып, фермерлер несие төлемдерін кейінге қалдыруға өтініш бере бастауы мүмкін. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Қазагроқаржы» АҚ зардап шеккен шаруаларға несие төлеу мерзімін кейінге қалдыруға көмектесуі керек», — деді Серік Жұманғарин.