Биыл жеті ай ішінде облыс аумағында 365 өрт оқиғасы тіркелген. Өкінішке қарай, адам шығыны да бар. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Александр Пархоменко мәлімдеді.
Әсіресе, өрт оқиғасы жылыту маусымы кезінде көп тіркелген. Жеті айда тұрғын үй секторында 237 өрт болып, 11 адам қаза тапқан. Сондықтан мамандар өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырады.
«Бірер айдан соң жылыту маусымы басталады. Осыған орай тұрғындар қауіпсіздік шараларын естен шығармағаны абзал. Пешті жаққан кезде тез тұтанатын сұйықтықтарды қолдануға болмайды. Жанып жатқан пешті балалардың жауапкершілігіне қалдыру өте қауіпті. Пеш пен мұржаны 3 айда бір рет тазартып тұру керек. Пеште заттар мен ағаш отынды кептіруге болмайды. Жиһаз бен перделердің пештен кемінде жарты метр қашықтықта болуын ескерген жөн», – деді Александр Пархоменко.
Брифингте 2019 жылдан бастап әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлеріне көміртегі тотығын анықтау датчигін орнату жұмыстары жүргізіліп келе жатқаны да айтылды. Осы күнге дейін осындай 14 мың арнайы құрылғы үйлерге орнатылған.
Мамандар әр отбасыға үйдегі өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелерін мұқият орындап, өрт оқиғасына жол бермеу керектігін ескертеді.