Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында өткен жария талқылауда жергілікті тұрғындар ауыл маңында атом электр станциясын салуды қолдады. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.
Бүгін өткен талқылауда жергілікті халық аймақтағы атом энергетикасының дамуын қолдап, оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы жоғары екенін атап өтті.
Талқылауға жергілікті тұрғындар, ақпарат құралдарының өкілдері, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарасай ауданының қоғамдық кеңесі, Энергетика министрлігі, Алматы облысының әкімдігі, “ҚР Ұлттық ядролық орталығы” республикалық мекемесі, “Ядролық физика институты” республикалық мекемесі, “Қазақстандық атом электр станциялары” ЖШС, Ядролық технологиялар қауіпсіздігінің ғылыми-техникалық орталығы, сондай-ақ экология, сейсмика, қауіпсіздік, энергетика, инфрақұрылым өкілдері және басқа да сала сарапшылары қатысты.
Көпшілік жиында Энергетика министрлігі, “Қазақстандық атом электр станциялары” ЖШС, “Ядролық физика институты” екемесінің өкілдері сөз сөйледі. Талқылауда АЭС құрылысының қоршаған ортаға, денсаулыққа әсері, АЭС-ке табиғи-климаттық факторлардың әсері, экономикалық факторлар, инфрақұрылымды дамыту, АЭС-тің шағын және орта бизнесті дамытуға әсері, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелер көтерілді. Сарапшылар АЭС-тің қоршаған ортаға, биологиялық әралуандыққа, су ресурстарына әсері, АЭС құрылысына дайындық кезеңі, АЭС-тің техникалық аспектілері, Қазақстанның АЭС-ті дамытудағы әлеуеті, сондай-ақ АЭС салу кезіндегі өңірдің даму перспективалары, экономикалық негізділігі, жұртшылықпен өзара іс-қимыл жән басқа да мәселелер туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Талқылауда аймақтың экономикалық пайдасы да кеңінен қамтылды. Қатысушылар жобаның жұмыспен қамтуға, инфрақұрылымға және экономиканың дамуына әсерін талқылады. Сала өкілдері АЭС жұмысының барлық кезеңдерінде және жобаның әлеуметтік-экономикалық аспектілерінде қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін қолданылатын стандарттар мен технологиялар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Талқылау барысында азаматтар өздерін қызықтыратын технологиялардың қауіпсіздігі бойынша да, АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша да сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.
Талқылаулар аяқталғаннан кейін “Қазақстанның азаматтық альянсы” бірлестігінің президенті ашықтықты және жұртшылықпен ашық диалогты қамтамасыз ету, барлық мүдделі тараптардың пікірлері мен мүдделерін ескеру мақсатында Алматы, Тараз, Талдықорған, Балқаш қалаларында да қосымша талқылаулар өткізу туралы бастама көтерді.
Жария талқылау қорытындысы бойынша АЭС салу туралы шешімді Алматы облысының мәслихаты қабылдайды.