1 қыркүйек – Білім күні Іле ауданының Боралдай ауылында №54 орта мектептің ашылу салтанаты өтті.
1500 орындық жаңа мектеп осы уақытқа дейін 2177 баламен 97 жиынтық сыныпта үш ауысымда оқытқан №17 орта мектептің жүктемесін азайтты. Бүгінгі таңда мектепке 1200 оқушы қабылданып, 52 сынып ашылды. Мектеп құрылысын «BI Global» ЖШС мердігері жүргізді.
Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым қатысып, аудан тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады.
– Облысымызда алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 53 мектеп салу жоспарланған. Негізгі проблема саналатын үш ауысымды және оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында 16 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 9-ы бүгін пайдалануға берілді. Біз балаларымыздың жайлы жағдайда білім алуы үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз, – деп атап өтті Нұрлан Әбдірахым.
Бүгінгі күні Іле ауданында тағы екі мектеп – Междуреченск ауылындағы 24 сынып-жинағы бар 1500 орындық №55 орта мектеп, сондай-ақ Көкқайнар ауылындағы 80 сынып-жинағы бар 1500 орындық №53 орта мектеп оқушыларға есігін ашты. Мектептер қазақ тілінде оқытып, екі ауысымда жұмыс істейді.
Сонымен қатар Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында 1500 орындық №1 мектеп-лицейі ашылды. Сондай-ақ, Қарасай ауданының Алмалыбақ және Іргелі орта мектептерінде қосымша 600 орындық жапсаржайлар, Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында МЖӘ базасында 1500 орындық мектеп-гимназиясы мен Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында 1500 орындық және Қонаев қаласында 900 орындық мектептер пайдалануға берілді.
Қалған 5 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр, 2 мектептің құрылысы 2024 жылға шегеріледі.
Жалпы биыл облыстағы 456 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 330 мыңнан аса оқушы оқу жылын бастады. 38 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттады.