Алматы облысында биыл лизинг арқылы 269 ауыл шаруашылық техникасы алынған. Бұл жайлы мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракция отырысында баяндалды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Садықовтың айтуынша, өңірде ауыл шаруашылығы техникаларының 58,8 пайызы тозған.
«Облыс бойынша барлығы 13 415 ауыл шаруашылығы техникасының бар. Оның ішінде 10 жылдан астам пайдаланылған 8 мыңға жуық техника тозған», – дейді Димаш Садықов.
Басқармадағылардың мәліметінше, биыл 3 млрд 851 млн теңгеге 269 техника сатып алынған.
Айта кету керек, инвестициялық салымдар негізінде сатып алынған техниканың 25 пайызы және сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасының 30 пайызына мемлекет бюджетінен субсидия бөлінеді.