Кеген ауданына қарасты Алғабас ауылында үш мыңдай халық тұрады. Ауыл халқы негізінен мектеп пен балабақшада, әкімдікте еңбек етеді. Бірқатары қоғамдық жұмыстарға тартылған. Ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер мен шаруа қожалығы иелері де бар.
Ауылдық округке Сырым Жексенбиев деген азамат әкім болып келгелі бірқатар өзгеріс болып жатыр. Атап айтқанда, былтыр жолға асфальт төселіп, көшелерге жарық тартылды. Іргелес жатқан Жіңішке ауылының көшелері де жарықтандырылды. Интернет байланысының сапасы артты.
«Айдың да көлеңке жағы бар» демекші, Торайғыр тауының етегінде, Шелек өзенінің бойында қоныс тепкен ауыл ахуалының көңіл көншітпейтін тұстары да жоқ емес. Осыдан 3-4 жыл бұрын жергілікті ауылдық аурухана күрделі жөндеуден өтетін болып, оның ұжымы уақытша бұрынғы әкімдік үйіне көшірілген болатын. Құрылысшылар келіп, жөндеу жұмысын бастаған еді. Арада бірнеше ай өткенде олар кетіп қалды. Құрылысшылар сол кеткеннен әлі күнге дейін оралмады. Содан бері аурухана ғимараты қараусыз қалды. Күзетші қойылмағандықтан есік-терезе секілді бірсыпыра дүниелері қолды болды.
Басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар жергілікті дәрігерлерге жүгінеді. Алайда сырқаты жанына батқан науқастарға қажетті құрылғылармен толық жабдықталмаған талапқа сай емес ғимаратта отырған ақ халаттылардан қайран болмай қалады. Тұрғындар дертіне шипа табу үшін көршілес Жалаңаш ауылына немесе 60 шақырым жердегі аудан орталығына сабылуға мәжбүр.
Ауылдағы Ұзақ Бағаев атындағы орта мектепте оқушы санының жылдан-жылға азайып бара жатқаны да көңіл қынжылтады. Өкінішке қарай, оқушы саны азайғанымен, оқулық тапшылығы жойылар емес. Ата-аналар осы бір көкейкесті сауалға талай жылдан бері жауап таппай келеді.
Тоқтап тұрған ауызсу желісінің жұмысы қайта жанданды. Бірақ мердігер мекеме су құбырын қолдарындағы картада көрсетілген үйлердің ғана ауласына дейін тартып кетті. Одан әрі үйдің ішіне кіргізу тұрғынға қиындық тудыруда. Өзім осы ауылда туып-өскендіктен, аталған мәселелердің шешімі қалай табылар екен деген ойдан арыла алар емеспін. Бұл мәселеге кім жауапты?
Алмас Асылбек,
Кеген ауданы