Қонаев қалалық кітапханасында жас жазушы Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Әдеби жиынға өңіріміздегі ақын – жазушылар, кітапханашылар мен ұстаздар қауымы қатысты. Жаңа туынды психологиялық жанрда жазылуымен ерекшеленеді. Бүгінгі қазақ әдебиетінің жаңадан түрен түскен бағытында қалам ұстайтындар некен-саяқ. Сондықтан да жас жазушының ерен еңбегін айта кеткен жөн. Әдеби кештің тізгінін алған белгілі ақын Ержан Алаштуған бұған дейін аталмыш кітаптың тұсаукесері Алматы мен Талдықорған қалаларында өткенін жеткізді.
Кеш жүргізушісі «Ар» баспасынан жарық көрген кітаптың ерекшелігіне тоқталып өтті. Баспа үйіндегі «Суреткер мен суретші» жобасы жайлы ақпарат таратып, аталмыш кітапты безендіруге ғажайып туындыларын ұсынған талантты қылқалам шебері Шаттық Батанның еңбегін таныстырды. Жазушы мен суретші туындылары өзгеше үндестік табуы арқылы романның көркі ашыла түскенін мақтанышпен жеткізді. Артынша жиналған көпшілікке кітап авторы, 25 жасында Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып, бір жылдан кейін «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленген жас қаламгер Әлихан Жақсылық жайлы баяндады. Ол 1998 жылы Ақтөбе өңірінде дүниеге келген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің түлегі. Бүгінде жазушы ретінде танылған жас дарын иесі алғашында айтыскер ақын болған. Көптеген анимациялық сериалдардың авторы атанып, «Балапан» арнасынан көрсетілетін «Ұшақтар», «Ырысты ыдыстар», «Ақылды көжектер» және «Қаһарман» секілді онға жуық анимациялық фильмге сценарий жазған. Ақын ретінде де айрықша жетістіктерге жетіп, түрлі байқауларда топ жарып үлгерген. Ал жауапкершілігі жоғары жазушылық жолға түскелі де бойындағы таланты таңдай қақтыруда екен. Қаламы қуатты ол А.Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай өткен «Ұлы дала» шығармашылық байқауында проза номинациясы бойынша жүзден жүйрік атанса, өткен жылы «Жетісу көктемі» әдеби байқауында К.Тоқаев атындағы жүлдеге ие болған. Сондай-ақ ІV республикалық «Таласбек сыйлығы ¬¬– 2023» шығармашылық байқауында да топ жарған. «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» – жас қаламгердің үшінші кітабы. Ал бұған дейін 2019 жылы «Алты құрлық», 2021 жылы «Төрт мұхит» хикаяттар жинағы жарық көрген.
Сөз кезегін алған Әлихан Жақсылық Дінмұхамед атаның атымен аталатын облыс орталығына табаны тигеніне шын қуанғанын жеткізіп, романның мән-мазмұнына тоқталды. Жарық көрген кітаптың келешекте танылуы мен оқылуы халықтың тілегіне, берген батасына байланысты екенін тілге тиек етті. Заманауи қазақ прозасына қалам сілтеген жас жазушы кітапты оқып шыққан әр оқырманның пікірі мен ойы міндетті түрде маңызды саналатынын сөзіне қосып, аталмыш кітапты өзіне сенім артқан ағасы Ержан Алаштуғанға арнағанын жеткізді.
Жаңа туындының тұсауын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Кәдірбек Құныпияұлы мен ақын Алтыншаш Жақиянова кесіп, ыстық лебіздерін жеткізді. Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қанат Әбілқайыр романды оқып шыққанын, оның психологиялық терең толғаныспен жазылғанын, жазушы шеберлігінің жоғары деңгейде екенін айтып өтті. Сондай-ақ, жастарға үнемі қолдау беріп, кіші буынның маңдайынан сипап, шын таланттарды тани білетін Ержан Алаштуғанға алғысын білдірді. Оның аты ұмыт бола бастаған, тағдырдың тауқыметімен жазудан тысқары қалған қаншама ақын-жазушыларды іздеп, тауып, солардың шығармашылығын қайтадан тірілтіп, қаншама адамға шапағаты тигенін тілге тиек етіп, өңірдегі зиялы қауым атынан Ержан Алаштуғанның иығына шапан жапты.
Жас қаламгерге қатысушылар тарапынан кітаптың атауына, романның кейіпкерлеріне байланысты түрлі сауалдар жолданды. Жас жазушы бұл жөнінде кітаптың атауы Францияны еске түсіргенімен оның Францияға да, шіркеуге де мүлде қатысы жоқ екенін айтты. Роман кейіпкерлерінің есімі еуропалық болу себебі де түрлі қарама-қайшы пікірлер болмас үшін әдебиет әлеміндегі стандартқа бағына отырып қойылғанын тілге тиек етті. Мұндағы басты мақсат қазіргі қоғамдағы жастардың, жасөспірімдердің ішкі ойларын білуге, оларды түсінуге бағытталғанын жеткізді. Жалпы айтқанда, адамның ішкі әлеміне саяхаттап, ішкі сырына үңіле отырып жазылған шығарманың мәні кітапты оқып шыққаннан кейін толық түсінікті болатынын жеткізді. Автор аталмыш романның жазылуына үлкен буын мен жаңа буын арасындағы талас-тартыс себеп болғанын да жасырмады. Жаңа туынды жоғары сұранысқа ие. Оқырмандар қызығушылығының артқаны сонша, 1000 данамен шыққан кітаптың үлкен бөлігі үлестіріліп үлгерген. Ағылшын тіліне де аударылған бұл роман ендігі кезекте шетелдік кітапсүйер қауымға да жол тартып, таныстырылымы Лондон қаласында өтпек.
Әдеби жиында тек роман төңірегінде ғана айтылып қоймай, Әлихан Жақсылықтың жазушылық жолға қалай келгендігі де әңгіме ретінде өрбіді. Сонымен қатар қазіргі қазақ әдебиеті туралы сөз қозғалып, бүгінгі заманауи проза жайында талқылаулар болды.
Құралбек Сәбитов,
Қонаев қаласы