Қарасай ауданында лас суды өзенге ағызған екі базар иесіне айыппұл салынды
Бұл туралы «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Базар қызметкерлерінің астыртын әрекетін сол маңдағы тұрғындар телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Бұдан кейін ол жерге облыстық партиялық бақылау комиссиясы тексеру жүргізіп, тұрғындар шағымын растады.
«Аманаттықтар Ақсай өзенінің ластану көздерін анықтау және құқықбұзушылықты жою үшін рейд ұйымдастырды. Ашық факт анықталды. «Жеті құрдас», «Сәлем» базары аумағында орналасқан көшедегі дәретхана иелері нәжісті жер астындағы жасырын құбыр арқылы осы өзенге ағызып келген. Олар бұл әрекеті үшін ҚР ӘҚбК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Біз анықталған заң бұзушылықтарды дереу жоюды талап еттік», – дейді облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Амангелді Сембаев.
Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті өзеннен және лас судан сынамалар алып, сараптамаға жіберді.