Жамбыл ауданының Мәдениет үйінде Есенқұл Жақыпбектің туғанына 70 жыл толуына арналған «Жұмақ бір мұңмен жымиып» атты еске алу кеші өтті. Ұзынағаш ауылындағы шараға алыс-жақыннан мәдениет пен өнер саласының өкілдері, ақынның туыстары мен дос-жарандары, шәкірттері, өлеңсүйер оқырмандар жиналды.
Ақынның сыршыл поэзиясынан рухани азық алуға келгендер көрермен залына лықа толып, орын жетпегендер тікесінен тік тұрып тамашалады. Жамбылды пір, Мұқағалиды ұстаз тұтқан Есенқұл Жақыпбектің сахна төрінен орындалған сезімге толы жырлары жүректен жүрекке жетіп, лирикалық әндері көңілдерді тербеді. Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақынның халық арасына кеңінен таралған әндерінің өзі бір төбе. 200-ге жуық өлеңіне ән жазылғаны айтылды осы кеште.
Алғашқы сөзді алған аудан әкімі Нұрлан Ертас ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталып, бүгінде мектептер мен музейлерде, Мәдениет үйлерінде Есенқұл Жақыпбекке арналған мәдени шаралар, ақын өлеңдерін жатқа оқу челлендждері өтіп жатқанын мәлім етті. Шәкірттерімен кездесулер, мектепаралық ақындар айтысы ұйымдастырылуда. Ақынның биылғы мерейтойын атап өту облыс көлемінде қолға алынып, Қарасай мен Талғар аудандарында осындай кештер қатар өтті. Аудан басшысы ақындық дәстүр жалғастығын жоғалтып алмау үшін Сүйінбай мен Жамбылдай жыр жүйріктері шыққан аймақта ақындар мектебін ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Мектептерде Есенқұл сыныптары бар. Енді заманауи үлгіде салынып жатқан білім мекемелерінің біріне есімін беріп, ескерткішін орнату сияқты игілікті істер көзделіп отырғанын айтты. Есағаның аяулы жары, артында қалған рухани мұрасы мен шаңырағының иесі Меңсұлу Нағашыбекқызына сахна төрінде сый-құрмет көрсетті.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, академик-жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы Есенқұл ақынды тебірене еске алып, оның бөлекше қолтаңбасымен жас кезінде-ақ танылғанын айтты. Есағаның шәкірттері мен кезінде бірге жүрген дос-жарандарынан белгілі жыршы-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ақан Әбдуәлиев, Ұлттық ат спорты федерациясының вице-президенті Орынтай Әмірғалиев сөз алып, ақын туралы естеліктерімен бөлісті.
Есенқұл Серікбайұлының республикалық телеарналарға берген сұхбаттарынан үзінділер көрсетіліп, кеш барысы ақын өлеңдерімен өріліп отырды. Көрермен назарына белгілі режиссер Ғалымжан Сайлаубековтің “Жұмақ бір мұңмен жымиып” атты әдеби-сазды қойылымы ұсынылды. Сонымен қатар аудандық “Сүйінбай” театры өмір жолынан көріністер қойып, көрерменді бір сәт сол бір тәтті шаққа жетелеп әкеткендей әсер қалдырды.
Сүйінбай мен Жамбылдың ізін жалғаған қазақтың көрнекті ақыны, Мәдениет саласының үздігі, Жазушылар одағының мүшесі, телевизиялық айтыстың тұңғыш жеңімпазы, Президент сыйлығы мен Біржан сал атындағы сыйлықтың иегері Есенқұл Жақыпбектің 70 жылдығын атап өту осылайша өзінің туған жерінен бастау алды.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы