Жолшылар мен мемлекеттік қызметкерлерге автомобиль жолдарының жай-күйін тексеретін мекеме өкілдері дәріс өткізді. Семинарда қатысушыларға саладағы өзгерістер мен жаңашылдықтар айтылды.
Семинардың мақсаты – биыл Алматы әкімдігінің жоспарлы тапсырмаларын талқылап, жаңа жобалармен таныстыру. Қаладағы аудан әкімдіктері былтырдан бастап ағымдағы жол жөндеу жұмыстарына жауапты. Жаңа нормативтер мен талаптар әлі де толық қалыпқа түспеген. Әр жолдың төлқұжаты болады. Ал жолдарды жөндеуге қаражат жергілікті әкімдіктердің рейтейгіне қарай бөлінбек. Салынған жолдың сапасына сай әкімнің деңгейі де белгіленеді. Қазір рейтінг 1 наурызға дейін дайындалып автомобиль жолдары комитетіне берілуі тиіс болған. Жаңа заңда «Жол активтері ұлттық сапасының орталығы» арқылы елдімекендердегі жолдарды жөндеу сапасына міндетті сараптама енгізу көзделген. Нормативтерге сәйкестігі мен кепілдік кезеңінде пайда болған ахауларға техникалық қадағалау мен жобалау ұйымдарының ортақ жауапкершілігін беретін болады. Қорытынды автомобиль жолдары комитетінің сайтында жарияланбақ. Жол сапасына жауапты мекеменің Алматы филиалының директоры қала көшелерінің жолы өзге аймақтардан ілгері екенін айтады.
“Алматы – еліміздегі мегаполис. Қаладағы жолдардың сапасына қатысты талап та қатаң. Қазіргі таңда Алматы жолдарының сапа көрсеткіші 86%. Қала әкімінің тапсырмасына сай, сол сапаны 92%-ға жеткізу көзделген. Сондықтан біздің мекеме мен жергілікті атқарушы орган бірлесіп әрекет ету маңызды. Демек, орталық тарапынан өткізіп отырған осындай оқыту семинарлары өте қажет”- дейді Мәулен Әліпов.