Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры, 28 панфиловшының бірі Мұсабек Сеңгірбаевтың туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Осыған орай, есіл ердің ерлік жолын, туған жері мен өскен елінің тыныс-тіршілігін баяндайтын естеліктер жинағы жарық көрді.
Балқаш аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Ұрпаққа ұран болған ерлік» атты рухани танымдық шара аясында батырдың немересі Төлеген Мұсабековтың атасы жайлы жазған кітабы оқырмандарға жол тартты.
«Балқаш жолдары» ЖШС-ның тең төрағасы Нарымбет Әбдібаев және Бақанас аграрлы-индустриалдық колледжінің директоры Бақытжан Өксікбаев жаңа туындыны аудандық тарихи-өлкетану музейіне және М.Сеңгірбаев атындағы орта мектеп пен аудандық орталық кітапхана ұжымына салтанатты түрде тапсырды.
Аталған шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гаухар Аманжолова, Ақдала ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекен Шыбықбаев, өлкетанушы Зәуреш Демеуқұлова, Ауған соғысы ардагерлері Мейрамбек Қанатбеков пен Бақтыбек Дәуітбаев және М.Сеңгірбаев атындағы орта мектеп мұғалімі Ернар Жәнкетай, аудандық орталық кітапхананың қызметкері Шырын Бөлтіріковалар ер есімі – ел есінде екенін сөз етті. Сонау сұрапыл соғыс жылдары Мәскеуді жаудан қорғап қалған бабамыздың ерлігін бүгінгі ұрпаққа насихаттау жөнінде іс-шараларды өткізу жоспарланды. Мәдени шарада музей қызметкерлерінің Мұсабек Сеңгірбаевқа қатысты жәдігерлерге құрылған тақырыптық экскурсиясы таныстырылды.
Өз тілшіміз
Балқаш ауданы