Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Жамбыл және Қарасай аудандарына жасаған сапарында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан мектептердің құрылысымен танысты. Аталған өңірлерде халықтың тығыз орналасуына байланысты бүгінде әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік басым. Солардың қатарында мектеп тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түспей тұр.
Аймақ басшысы алдымен Жамбыл ауданының Қарғалы ауылына барды. Осында салынып жатқан 900 орынды мектеп құрылысын аудан әкімі Нұрлан Ертас көрсетіп, жағдайды баяндады. Қазір бұл ауылда халық саны 30 мың адамнан асады. Елдімекенде алыс және жақын шетелден келген қандастарымыз көптеп тұрады. Басқа өңірлерден көшіп келгендер қарасы да қалың. Мұнда туу көрсеткіші де жоғары. Әрине, бұл қуанарлық жайт. Әйтсе де осыған байланысты мектептерде орын тапшылығы қатты сезіліп отыр. Осы ауылдағы Әсет Бейсеуов және Құдыс Әбсәметов атындағы білім орындарында сабақ үш ауысыммен оқытылады. Мәселені жедел шешу үшін өткен жылдың тамыз айында жаңа мектептің құрылысы басталған.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс алаңындағы жауапты мамандармен тілдесті. «Еламан фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ерғали Миразовтың айтуынша, 900 орынға арналған 3 қабатты мектеп ғимаратында 330 бөлме болады. Үш спорт залы салынады, оның біреуі үлкен, екеуі шағын болмақ.
– Құрылысқа 120 жұмысшы тартылған. Әрқайсының атқаратын міндеті белгіленген. Үшінші қабаттың төбесін жабу жұмыстары аяқталуға жақын. Сыртқы қабырғаларын суық өткізбейтін материалмен қаптап жатырмыз. Бірінші, екінші және үшінші қабаттардағы ішкі қабырғалар мен бөлмелердің арасы қызыл кірпішпен қаланады, – деді ол.
Сондай-ақ осы жұмыспен қатар электр сымдары, жылу, су және кәріз, желдеткіш жүйелері жүргізілетінін айтты. Бетон құюшылар жертөлелердің еденін құюды аяқтаған. Бұған қоса олар ауланы абаттандырумен де айналысады. Мердігер мекеме жетекшісі биылғы оқу жылының басында мектеп құрылысы толықтай аяқталатынына облыс әкімін сендірді.
Бұдан кейін аймақ басшысы Қарасай ауданындағы Долан, Қошмамбет, Елтай және Көкөзек ауылдарын аралап, ондағы төрт мектептің де құрылысымен танысты. «Жайлы мектеп» жобасымен салынып жатқан бұл білім шаңырақтары да жаңа оқу жылы басталғанға дейін дайын болуға тиіс.
Аталған ұлттық жобаның іске асырылуы өңірде қалыптасқан үш ауысым мәселесін шешуде аса маңызды қадам болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы сәтімен жүзеге асырылу үстінде. Мәселен, осы жылы облыс бойынша 26 заманауи мектепті пайдалануға беру жоспарланып отырса, соның 9-ы осы Қарасай ауданында орналасқан. Осы мектеп құрылыстарының барлығына тапсырыс беруші – «Самұрық-Қазына Construction» акционерлік қоғамы, ал мердігер мекеме – ТОО BI Global және ТОО KazSMU.
Бекітілген жобаға сәйкес, Қарасай ауданындағы 4 мектеп те 3 қабатты болады. Көкөзек ауылындағы ғимараттың жалпы көлемі 15 мың шаршы метрден асады, 1500 орынға арналған. Ал Долан, Қошмамбет, Елтай елдімекендеріндегі мектептердің әрқайсысы 1200 оқушыны қабылдауға есептелген. Төрт мектепте де бөлек спортзалдар мен ойын алаңдары, сонымен қатар қоршалған шаруашылық ғимараттар қарастырылған.
Құрылыс алаңында Марат Сұлтанғазиев мердігерлерден жұмыстың қай кезеңі жүріп жатқаны, инженерлік желілердің қаншалықты тартылғаны, нысандардың мерзімінде пайдалануға берілу мүмкіндіктері туралы сұрап білді. Сондай-ақ облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұловаға да бірнеше сұрақ қойды. Себебі мердігер ұйым білім басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істейді, өйткені құрылыстың білім беру нысандарына қойылатын талаптарға сай салынуын аталған басқарма қадағалайды.
– Бұл нысандар мерзімінде іске қосылуға тиіс. Себебі жаңа мекемелер үшін мұғалімдер мен әкімшілік қызметкерлерінің штаты алынып қойды. Балалар 1 қыркүйекте осындағы оқушы партасында отыруы керек, – деді облыс әкімі.
Долан, Қошмамбет және Елтай ауылдарындағы жұмыс қызу жүріп, қазір онда ғимараттың қасбеті мен ішкі қабырғаларын әрлеу жұмыстары басталды. Бірақ Көкөзектегі мектептің құрылысы бәсеңдегені белгілі болды. Оның себебін білген Марат Сұлтанғазиев мердігерлерге ескерту жасап, жұмысшылардың санын көбейтуді, ауа райы қолайлы кезде үш ауысымда жұмыс істеуді тасырды. Мұнда оған қажетті электр жарығы, су жүйесі тартылған. Ал өзінің орынбасары Нұржан Құдайбергеновке мәселені ерекше бақылауына алуды міндеттеді.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл, Қарасай аудандары