МӘМС шеңберінде науқастар шетелге емделуге жіберіледі немесе Қазақстандағы ауруханаларда оталар жасау үшін шетелдік мамандар шақырылады. Шетелде емделуге балалар да, ересектер де құқылы. Ондай мүмкіндік елімізде жүргізілмейтін жоғары технологиялық медициналық көмекке айғақтар болған кезде қарастырылады. Бұл туралы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы облысы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Алматы облысында 1 млн 200 мыңнан астам тұрғын сақтандыру мәртебесіне ие. Олардың 70 пайызына жуығы жеңілдік санатына жатады.
«Талапқа сәйкес, науқасты шетелге емделуге жіберу туралы шешім бейінді мамандардың қорытындылары негізінде республикалық денсаулық сақтау ұйымдары деңгейінде қабылданады. Квота алу үшін республикалық денсаулық сақтау ұйымына немесе облыстың, қаланың денсаулық сақтау басқармасына жүгіну қажет. Аурулар тізімі арасында миға радиохирургиялық емдеу әдісін (гамма-пышақ) қажет ететін ісіктер, көздің қатерлі ісіктері (гамма-пышақ, радиоактивті аппликаторлар), кератопротездеу, көмейдің стенозы, кеңірдек стенозы сияқты сынды күрделі емдер бар», – дейді Тілеухан Шілдебайұлы.
Қор өкілі МӘМС тізбесінде медициналық көмек «сақтандырылған» мәртебесі бар азаматтарға көрсетілетінін айтады. Яғни, ондай тұрғындар МӘМС пакетіндегі қажетті медициналық көмектің барлық түріне пайдалана алады. Ол азаматтың төлеп отырған жарнаның мөлшеріне қарамайды. Еске сала кетейік, бұған дейін созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан қарасайлық тұрғын 9 млн теңгенің отасын МӘМС есебінен тегін жасатқан еді. Облыста жыл басынан бері дәл осындай күрделі әрі қымбат 500-ге жуық ота жасалған.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі