Перейти к содержимому
Главная страница » Ынтымақтастық негізі

Ынтымақтастық негізі

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Білім сапасы және мәдениеттерді жақындастыру: білім қоғамдарын дамыту теориясы мен практикасы» атты ІІІ халықаралық жазғы мектеп қатысушыларына арналған семинар өтті. Оған ­қазақ­­стандық мамандармен қатар Германия, Түркия елдерінен келген ғалымдар қатысты.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, ЮНЕСКО аясындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы Еуразия елдерінің педагогтері үшін ұйымдастырған далалық семинарда музей-қорық директоры Гүлмира Мұхтарова сөз алып, «Алтын адам» табылған киелі жердің тарихына аз-кем тоқталып өтті.
Жаһандану жағдайында елдер арасындағы өзара қарым-қатынастың бір кілті – мәдени байланыс. Сондықтан мемлекеттің білім беру жолында қоятын шарттарының бірі – мәдениетаралық диалог дағдыларын меңгерген тұлға қалыптастыру. Осы орайда педагог-мамандарға ЮНЕСКО аясындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының жетекші ғылыми қызметкері В.Новоженов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушылары А.Қалижанова мен ­Т.Шелестова, Сарыарқа археологиялық институты құрылымындағы археология және этнография музейінің меңгерушісі М.Беделбаева сынды ғалымдар баяндама оқып, тарихи-археологиялық мұра ескерткіштері арқылы мәдени байланыс қалыптастыру мен мәдени білім берудегі цифрлық платформаларды тиімді пайдалану мәселелерін көтерді. Баяндамашылар тарапынан арнайы әдістемелік тренингтер жүргізілді. Сонымен қатар семинар барысында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының экспозициялық залдары мен қазба нысандары таныстырылды. Іс-шара соңында III халықаралық жазғы мектеп нәтижесі бойынша қорытынды жасалып, баяндамашылар мен қатысушыларға арнайы сертификат пен Алғыс хаттар табысталды.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы