Қонаев қалалық қазақ мектеп-лицейінде қоғам қайраткері, облыстық «Чернобыль ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрхайын Мұхиддиновтің жүлдесі үшін оқушылар арасында волейболдан жарыс өтті. Мақсаты – жас ұрпақты жаман әдеттерден аулақ, денінің сау, салауатты өмір салтын ұстанған азамат етіп қалыптастыру. Спорттық бәсекеге Қонаев және Алатау қаласы мектептерінен 12 команда қатысып, шеберлік сынасты.
Жарыстың шымылдығы Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектептің 8 «Е» «Жас полиция» сыныбының оқушысы Элдар Пірмұхамедтің орындауындағы «Жаса, Қазақстан» әнімен ашылды. Салтанатты рәсімде алғашқы сөз кезегін алған Қонаев қаласы әкімдігінің бөлім басшысы Дәурен Майсабеков өткізіліп отырған спорттық бәсекенің мақсат-міндетіне тоқталып, жарыс жолына шыққан командаларға сәттілік тіледі.
Келесі кезекте Алатау қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Ардагер Ақжігітов сөз алып, бұдан 38 жыл бұрын Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр стансасының төртінші блогы жарылып, апаттың зардабын жоюға көптеген қазақстандықтың қатысқанын және олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Одан кейін сөз алған Нұрхайын Мұхиддинов жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, бірқатар азаматтарға өзі жетекшілік ететін қоғамдық бірлестіктің «Қазақстан патриоты» төсбелгісін табыс етті.
Қатысушылар үш топқа бөлініп, сынға түсті. Беташар ойын Қонаев қалалық Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектеп пен Алатау қалалық №12 орта мектеп командалары арасында өтті. Бұл кездесуде Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектеп командасы қарсыластарын айқын басымдықпен тізе бүктіріп, ақтық сын жолдамасынан үмітті екендіктерін анық аңғартты.
Барлық топтағы іріктеу бәсекелері тартысқа толы болды. Таңсәріде басталған жарыстың қас қарайғанша созылғаны – соның бір айғағы. Әр топтағы іріктеу ойындарынан іркілмей өткен Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектеп, ОМГ (орта мектеп-гимназиясы) және №12 орта мектеп командалары жүлделі орындарды сарапқа салды. Ақтық сындағы алғашқы ойында Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектеп пен ОМГ командасы кездесті. Қызу тартысқа толы ойын барысында екі жақтың ойыншыларының да дәлдеп соққан доптары нысанаға дөп тиіп жатты. Намысты қолдан бермеуге тырысқан қос команда ойыншылары да өздерінің шеберліктерін паш етті. Бірінші кезеңде Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектеп командасы басым түссе, екінші кезеңде ОМГ командасы таразы басын теңестіріп, оңай шағылар жаңғақ емес екенін байқатты. Үшінші кезеңде сәттілік серік болған ОМГ командасы қарсыласынан жеңісті жұлып алып, жарыс жеңімпазы болуға бір табан жақындай түсті. Келесі кездесуде ОМГ мен №12 орта мектеп командалары жолықты. Бұл ойында шапшаңдық пен ептілік танытқан ОМГ командасы жеңіске жетіп, 1-орынды жеңіп алды. Өзара кездесудің нәтижесі бойынша Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектеп командасы 2-орынға ие болса, №12 орта мектеп командасы жүлделі 3-орынды еншіледі.
Жүлдегер командалар түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталып, арнайы кубок пен медальдарды иеленді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы